20.02.2025
Абзал Әжіғалиев: Ендігі жоспарымыз – қысқы Олимпиадада жүлдегерлердің қатарына кіру
Қысқы Азия ойындарында танымалдылыққа ие болып, жанкүйерлерді шаттыққа бөлеген спорттың бірі - шорт-трек. Осы орайда қысқы Азиаданың чемпионы, елордалық спортшы Абзал Әжіғалиев өз әсерімен бөлісті.
Шорт-тректегі тарихи жетістіктеріңізді бірқатар жанкүйерлер кездейсоқтыққа балап жатады. Жалпы осы спортта сүріну, жарыстан шеттетілу жайттары жиі бола ма?
- Шорт-трек жарысын үнемі бақылап жүретіндер бұл спортта қатысушылардың көп жағдайда құлап, пенальти алып жататындығына куә болады. Сондықтан 5 000 метр қашықтықтағы алтын медальді кездейсоқ деп айта алмаймыз. Дәл осы қашықтықта Қытай мен Оңтүстік Корея елдері әлемдік рейтингте ТОП-5-те тұр. Құрамаларына көз жүгіртсеңіз де, кіл Олимпиада мен бірнеше дүркін әлем чемпиондарынан жасақталған. Қытай командасындағы бір ғана спортшының айтарлықтай жүлдесі жоқ. Салыстырмалы түрде Қазақстан құрамасында тек Денис Никиша ғана 2024 жылы тарихи күміс медальға ие болған. Міне бұл көрсеткішімізбен алпауыт елдермен тең дәрежеде бәсекеге түсе алатындығымызды дәлелдедік. Бастысы – дұрыс тактика құра білу қажет.
Қысқы Азия ойындарына дейінгі Әлемдік турда жүлде ала алмай келдіңіздер. Нағыз баптарыңызға Азиада кезінде келдіңіздер ме?
- Иә, қазан айынан бергі 4 әлемдік турдың кезеңінде жүлде бұйырмады. Алайда басты мақсатымыз – қысқы Азия ойындары болды. Азиада да Олимпиада секілді 4 жылда бір мәрте ұйымдастырылады. 8 жылдық үзілістен кейін, қайта жүлде алуымызды біз ғана емес, жанкүйерлер де асыға күтті. Азиададағы керемет жетістіктеріміз үлкен жігер берді. Мысалы, 14-16 ақпан күндері аралығында Миланда өткен әлемдік турда Канада мен Италиядан кейінгі 3-орынға (командалық эстафета) тұрақтадық.
Азия ойындарының медалі жеке өзіңіз үшін қаншалықты маңызды?
- Кешенді жарыстардың деңгейі бойынша қысқы Азия ойындары қысқы Олимпиададан кейін 2-орында тұрады. Сондықтан Азиадада жүлде алу өте маңызды болды. Неге? Біріншіден, 2011 жылы 5 000 метр қашықтықтағы ерлер эстафетасында тарихи қола жүлде алған едік. Енді араға 14 жыл салып, сол жетістікті артығымен орындау міндеті тұрды. ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов та Азиаданың алдында шорт-тректі алтын күтетін спорттың қатарына кіретіндігін айтқан еді. Екіншіден, спортшы ретінде нәтижені жақсарту. Аралас командалық сайыста күміс жүлдені алған сәтте де, бұл көрсеткіштен асып түсуді көздедік. Нәтижесінде ерлер эстафетасында чемпион атандық. Конфуцийдің 1000 шақырымдық жол алғашқы қадамнан басталады деген сөзі бойынша, Азиададағы жетістігіміз 2026 жылғы Олимпиадада жалғасын табады деп сенемін. Өйткені қысқы Олимпиадада 5-орын, 4-орын алдық. Ендігі жоспарымыз – қысқы Олимпиадада жүлдегерлердің қатарына кіру.
Сіздерден 500 метрлік қашықтықтағы жеке сайыстан үлкен үміт күтеді. Бірақ сіздер керісінше командалық сайыстарда жетістікке жетіп жүрсіздер. Нидерланд маманы жаттығу барысына да біршама өзгерістер енгізген болар?
- Командамызды қатты жас деп айтуға келмейді. Қысқы Азия ойындарына барған 6 ер спортшының орташа жасы – 26,5-ті құрайды. Осы орайда бапкердің ауысуы, оның өзгеше жаттығу әдісі түпкі көрсеткішке де әсер ететіндігін түсінуіміз қажет.
Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан
Қанат Байұзақов