6 сағат бұрын
Шорт-трек: Азиада жеңімпаздары әлем чемпионатына қатысады

Фото: ҚР Туризм және спорт министрлігі
Ертең Қытайдың Бейжің қаласында шорт-тректен кезекті әлем чемпионатының жалауы желбірейді.
Бұл жөнінде ҚР Туризм және спорт министрлігі мәлім етті.
Биылғы бәсекеде спортшылар 500, 1000 және 1500 метрге жекелей қашықтықта жарысады. Сондай-ақ ерлер – 5000, әйелдер – 3000 метрге эстафетада жүлделерді сарапқа салады. Бұдан бөлек аралас эстафета бойынша да жарыстар өтеді.
Жер жаһанның ең үздік спортшылары бас қосатын бәсеке 1976 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Тұсаукесер жарысты АҚШ-тың Шампейн қаласы қабылдады. Ал Бейжің құрлық біріншілігін осымен үшінші мәрте өткізгелі жатыр. Бұған дейін бұл қалада 1993 және 2005 жылдардағы әлем чемпионаты ұйымдастырылған.
Петр Гамидов жаттықтыратын шорт-тректен Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары биылғы жаһандық додаға жоғары дайындықпен аттанды деп айтуға болады. Биылғы ақпанда Харбиндегі IX қысқы Азия ойындарында жерлестеріміз 1 алтын, 2 күміс медаль олжалап, тарихи нәтижеге қол жеткізді. Қытайдағы бәсекеде спортшыларымыз шорт-трек спортынан 30 жылдан бері қысқы Азия ойындарында бұйырмай келген алтын медальді ел қоржынына салды. Алғашқы алтынды Әділ Ғалиахметов, Айбек Нәсен, Денис Никиша, Мерсаид Жақсыбаев, Абзал Әжіғалиев, Глеб Ивченко иеленіп, мерейімізді асырды.
Сондай-ақ Харбинде 2000 метрге аралас эстафетада сайысқа түскен
Әділ Ғалиахметов, Малика Ермек, Денис Никиша, Яна Хан финалдық сында күміс жүлдеге қол жеткізсе, әйелдер құрамасы да 3000 метрге жарыста күміс медаль еншіледі. Малика Ермек, Зейнеп Құмархан, Алина Әжіғалиева, Мадина Жанбосынова, Яна Хан, Ольга Тихонова бастаған спортшылар ел сенімін ақтады.
Харбиндегі жарыстан кейін Қазақстанның ерлер құрамасы Италиядағы Әлем кубогіне қатысып, 5000 метрлік эстафетада қола медаль жеңіп алды. Құрама сапында Әділ Ғалиахметов, Глеб Ивченко, Денис Никиша және Мерсаид Жақсыбаев өнер көрсетті. Бұл – Қазақстан құрамасының 2024-2025 жылғы Әлемдік тур кезеңіндегі екінші жүлдесі. Бұған дейін 2024 жылдың желтоқсанында әйелдер құрамасы 3000 метрлік эстафетада қола медаль еншілеген.
Осылайша, шорт-тректен Қазақстан ұлттық құрамасы биылғы маусымда тәуір нәтиже көрсетіп, Бейжіңдегі әлем чемпионатына үздік құрамалардың бірі ретінде барды.
Айта кетейік, былтыр Нидерландтың Роттердам қаласында өткен әлем чемпионатында Денис Никиша 500 метр қашықтықта күміс жүлдегер атанып, әлем біріншілігі тарихында ел қоржынына алғашқы жүлдені салған болатын. Сол жылғы жарыста отандасымыз 9 дүркін әлем чемпионы, Пхенчхан Олимпиадасының алтын және қола жүлдегері қытайлық Линь Сяоцзюньге аздаған басымдықпен жол берген еді.
Шорт-тректен Бейжіңдегі әлем чемпионатында ел намысын қорғайтын спортшылар:
Ерлер: Абзал Әжіғалиев, Денис Никиша, Әділ Ғалиахметов, Мерсаид Жақсыбаев, Глеб Ивченко;
Әйелдер: Яна Хан, Зейнеп Құмархан, Ольга Тихонова, Малика Ермек және Алина Әжіғалиева.
