11.04.2025
Лола Әділбекова: Эльжана Таниева кеткеннен бері көркем гимнастикада нақты көшбасшы жоқ

Бірнеше күн бұрын ғана көркем гимнастикадан 2011 жылдың қараша айынан бері ұлттық құраманың бас бапкері болған Әлия Юсупованың ізбасары ресми түрде жарияланған еді. Осы орайда 40 жастағы Лола Әділбекованың жаңа қызметі бойынша сұрауды жөн көрдік.
Әлия Мақсұтқызының кететіндігі жайлы ақпарат 2024 жылдың желтоқсанда мәлім болған еді. Тіпті сол кезде сізді бас бапкер ретінде ұсынып еді. Неге ресми ақпарат енді ғана шықты?
⁃ Иә, 2024 жылдың желтоқсанында менің кандидатурамды ұсынды. Біршама уақыт бойы менің жаттықтырушылық біліктілігімді, құжатымды тексерді. Тек 14 наурыз күні ғана бас бапкер ретінде қаулы шықты.
Әлия Мақсұтқызы 10 жылдан астам уақыт бойы бас бапкер болды. Осы сәтте бұл міндетті сізге ұсынғанда қалай қабылдадыңыз? Ойлануға ұзақ уақыт кетті ме?
⁃ Көп ойланбадым. Алғаш рет бас бапкер ретінде тағайындалсам да, Әлия Юсуповамен бірге басынан бірге ыстық пен суықты қатар көрдік. Жаттығу барысын, жұмыстың жүйесімен жақын таныспын. Сондықтан бірден келістім.
Бас бапкер ретінде алғашқы қиындыққа да кезіккен боларсыз?
⁃ Дәл қазіргі сәтте барлық қыздардың әлем кубогындағы өнер көрсеткендерін күтіп отырмын. Жарыстың қорытындысы бойынша, мамыр айында Сингапурде өтетін Азия чемпионатына үздіктерді іріктейтін боламыз. Уақыт өтіп жатыр. Азия чемпионатына билет алуға үлгермей жатырмыз. Өте қымбатқа шыққалы тұр. Бұл менің бас бапкер ретінде кездескен алғашқы қиындығым.
Ұлттық құрамадағы көркем гимнасшылардың шетелдегі жарыстарының нәтижесіне қарасақ, барлығының ұпайы бір-біріне жақын. Кімді көшбасшы ретінде атар едіңіз?
⁃ Париж Олимпиадасының қатысушысы, 19 жастағы Эльжана Таниева ұлттық құрамнан кеткен соң, нақты көшбасшы бар деп айта алмаймын. Спортшылардың арасынан әзірше Эрика Жайлауова сәл ғана озып тұр. Одан кейін Ақбота Ертайқызы, Айым Мейіржанова, Милана Парфилова, Дария Кушербаева мықтылардың қатарына кіреді.
Бас бапкер ретінде қандай міндеттер қойылды?
⁃ Ең бірінші сынақ - 13-17 мамыр күндері Сингапурда өтетін Азия чемпионаты. Мақсатымыз - медаль алу. Ұзақ жылға көз жүгіртетін болсам, шәкірттерімнің дәстүрді бұзбай, 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасына лицензия жеңіп алуын тілеймін.
Париж Олимпиадасынан кейін шетелдік мамандарды шақыруға басымдық берілді. Енді сіз де бұл қызметке өзіндік ойыңызбен келген шығарсыз?
⁃ 2025 жылға дейін шетелдік маманды шақырған едік. Енді қазір ешкіммен келісім жоқ. Бәлкім, алдағы уақытта шетелде оқу-жаттығу жиынын өткізіп, жаңа дүниелерді игеруге тырысармыз.
Шымкент қаласының гимнасшылары өте мықты екенін білеміз. Бұл спорт өзге қай аймақтарда жақсы дамып келе жатыр?
⁃ Көркем гимнастика Қазақстанда өте танымал әрі жоғары талапты қажет ететін спорт түрі. Тек қана Шымкенттен 3 спортшымыз Олимпиадаға қатысып үлгерді. Одан бөлек, Астана мен Алматы қаласы, Шығыс Қазақстан облысы, Павлодар облысының даму деңгейін жақсы бағалар едім.
Жасөспірімдер арасынан Ақмарал Ерекешеваның шоқтығы жоғары болып тұр. Бұл жас спортшы Лос-Анджелес Олимпиадасына баратын үміткерлердің қатарына қосуға бола ма?
⁃ Иә, Ақмарал өте талантты қыз. Қазіргі сәтте жасөспірімдер арасында өте сәтті өнер көрсетіп жүр. Бұйырса, 2026 жылы ересектер сапына ауысады. Бұл - спорт. Үнемі талас пен тартысқа толы. Сәуегей болғым келмейді. Барлығын уақытында көре жатармыз.
