11.04.2025
12 жылдан кейінгі үміт: Қазақстанның қысқы спорт маусымы қалай өтті?

Дәл қазіргі сәтте шайбалы хоккейден әйелдер құрамасы Дамфристе (Ұлыбритания) I дивизионның В тобында өз ойындарын өткізіп жатыр. Ал келесі айда ерлеріміз Дания Корольдігінде әлем чемпионатының жоғарғы дивизионында бесінші мәрте қатарынан күшін сынап көрмек. Осы орайда қысқы маусымды қорытындылап көруді жөн көрдік.
Өткен тарихқа кері шегініс
Сочи Олимпиадасы алдындағы 2013 жыл Қазақстан үшін өте табысты өтіп, қысқы спорттан керемет жетістіктерін тіркеп еді. Конькимен жүгіруден Ресейде өткен әлем чемпионатында Денис Кузин 1 000 метр қашықтықта қарсылас шыдатпай, сенсациялық түрде топ жарған еді. Ал мәнерлеп сырғанаудан Лондонда ұйымдастырылған жаһандық додада Денис Тен көшбасшы Патрик Чаннан 1,3 балл қалып, ел тарихындағы алғашқы жүлдені сыйлаған еді. Тіпті жанкүйерлер Денис алтын алуы керек деп, біршама шулаған болатын. Шаңғыдан да Италия төріндегі әлемдік бәсекеде спортшыларымыз жүлдесіз қалмады. 50 шақырымдық масс-старт сайысында Алексей Полторанин мәре сызығын үшінші болып кесті. Командалық спринт бәсекесінде де Алексей Полторанин мен Николай Чеботько қола жүлдеге ие болды. Бұл жетістіктер Сочи Олимпиадасына үлкен мақсаттармен баруға үміт сыйлаған еді.
Тарихтың жалғасы
Нидерландтық маман Вильма Бумстраның келуімен отандық шорт-тректің нәтижесін одан әрі жоғарлату міндеті тұрды. Өткен маусыммен салыстырғанда Қазақстан спортшылары 6 әлем кубогы кезеңінде тек екі мәрте ғана жүлдегерлер қатарына ене алды. Желтоқсан айында Бейжің төрінде әйелдер құрамасы алғаш рет эстафеталық бәсекеде қола жүлдеге қол созды. 2025 жылдың ақпан айында Миландағы шешуші кезеңде 5 000 метр қашықтықта ерлер құрамасы да үздік үштіктің қатарынан табылды. IX Қысқы Азия ойындарында жерлестеріміз бірінші алтындарын алғанымен, жеке сайыстарда жүлдеден тыс қалды. Бірақ Қытайдағы әлем чемпионатында Денис Никиша екінші жыл қатарынан 500 метр қашықтықта күміс жүлдегер атанды. Елімізде ең танымал қысқы спорттан бұл көрсеткіштер 2026 жылғы Олимпиададан үлкен үміт күттіретіндігін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Мәнерлеп сырғанаудағы марқұм Денис Теннің жетістігінің жаңғыруы
Мәнерлеп сырғанаудан Михаил Шайдоровтың жетістігі қоғамды бір серпілтіп тастады. Алдымен ол қараша айында Қытайдағы Гран-при кезеңінде күміс жүлдеге ие болды. Осы жетістіктің арқасында Михаил финалдық Гран-приге жолдама. Тек 6 спортшы ғана өтетін айтулы сайысқа бұған дейін ешкім өтпегенін ескерсек, бұл да тарихи жайттың бірі еді. Ал 2025 жыл отандасымызға өте табысты өтті. Қысқы Универсиадада жүлдеге бір қадам жетпей қалғанымен, қалған үш маңызды жарыстың барлығында жүлдегерлердің қатарына кірді. IX Қысқы Азия ойындарында қола жүлде алды. Сеулде өткен Төрт құрлықтың чемпионатында топ жарды. Сайыс барысында басты қарсыласы саналған әрі жарыс қожайыны Джунхван Чхадан (Оңтүстік Корея) 20 ұпайға озып кетті. Бұндай ірі додада бұған дейін жетістікке тек 2015 жылы марқұм Денис Тен қол жеткізген еді. Наурыз айындағы Бостондағы әлем чемпионатын да көпшілік асыға күтті. Бұл тек жыл сайынғы қатардағы бәсеке емес еді. Жүлдегерлерді анықтаудан бөлек, Милан-2026 Олимпиадасына лицензиялар үлестірілді. Кіл мықтылардың арасында отандасымыз бастапқы қысқа бағдарламада үздік үштікті түйіндеді. Бұл сайыстан кейін алтын үшін бәсеке Илья Малинин мен Юма Кагияманың арасында өтетіндей көрінген. Тіпті Михаилдың қорытынды үштікте қалуы әлі белгісіз еді. Өйткені француз Кевин Эймос, тағы бірі Франция өкілі Сяо Хим-Фаның да еркін жаттығудағы қарқыны қатты болатын. Бірақ еркін жаттығуда да Михаил еш қателікке жол бермеді. Керісінше 13 ұпай басымдығы бар Юма Кагияма еркін жаттығуда білгенінен жаңылып, үшінші орынға түсті. Ал Михаил өз мансабындағы 287,47 ұпай жинап, күміс медальді еншіледі. Ал әйелдер сайысында 6 жылдан кейін Қазақстанның атынан 18 жастағы Софья Самоделкина (117,78 ұпай) бақ сынады. Нәтижесінде жаһандық доданы 14-орынмен қорытындылады. Осы нәтижесінің арқасында Олимпия ойындарына қатысушылардың тізіміне қосылды.
Конькимен жүгіру: Кошкиннің қарқыны
Конькимен жүгіруде маусымның басты жаңалығы – жылдамдығымен ерекшеленген Евгений Кошкин болды. Бірақ әлем кубогы кезеңдеріндегі бірінші қола жүлдені қаңтар айында Канадада спринттен әйелдер құрамасы (Кристина Силаева, Дарья Важенина, Надежда Морозова) алып берді. Бұдан кейін әлем кубогында Евгений Кошкиннің шоқтығы биік болды. Польша төрінде Евгений 500 метр қашықтықта 34.52 нәтижесімен топ жарса, Нидерландта 34.46 нәтижесімен екінші рет чемпион атанды. Бұдан кейін ол елімізге тағы бір қоланы сыйлады. Әлем кубогының жарқын көрсеткіштері Хамардағы (Норвегия) әлем чемпионатынан жүлде күтуге себеп болды. Алайда жаһандық додада Кристина Силаева өзін көрсете алды. 500 метр қашықтықта ол соңғы сәтке дейін 3-орында тұрған еді. Бірақ жарыс жолына соңғы шыққан Оңтүстік Корея өкілі қола жүлдені иемденіп кетті. 4-орын көңілді түсіргенімен, Кристина Бейжің Олимпиадасының чемпионы Ерин Джексоннан (АҚШ) озып кетті. Командалық спринтте де әйелдер құрамасы 4-орыннан көрінді. Ал Қазақстандағы шешуші жарыс саналған VI Қысқы Спартакиадада Евгений Кошкин Олимпиадалық бағдарламаға кірмейтін 100 метр қашықтықты 9,31 секундта жүгіріп, бейресми әлем рекордын жаңартты.
Фристайл-могул: тұрақты табыс
Фристайл-могул үшін де биылғы маусым сәтті өтті деп айтуға толық негіз бар. Жеті әлем кубогының қорытындысы бойынша, жерлестеріміз 5 мәрте жеңіс тұғырына көтерілді. Ақпан айында АҚШ-тың Дир-Вэлли тау шаңғы курортында өткен әлем кубогында Павел Колмаков могул бәсекесінде күміс медаль жеңіп алса, екі күннен кейін параллельді могулдан қола жүлдеге ие болды. Әйелдер арасында тек параллельді могулдан ғана жүлде бұйырды. Юлия Галышева қаңтар айында АҚШ-та үштікті түйіндесе, артынша Канадада Анастасия Городко осы маусымның ең үздігі – Жаелин Кауфқа ғана есе жіберіп, күміс медальді мойынға тақты. 1 наурыз күні әлемнің мықтылары бас қосқан Алматыдағы әлем кубогында тек Анастасия Городко қола медальді ала алды. Маусымның шешуші бәсекесі – Энгадиндегі әлем чемпионатында да араға төрт жылдық үзіліс салып, Анастасия Городко қола медальді мойынға тақты.
Олимпиада лицензиясы
Милан мен Кортина-д’Ампеццосында алауы тұтанатын қысқы Олимпиада ойындарына бір ғана жыл қалғандықтан, биыл Олимпиада жолдамалары да үлестіріле бастады. Қазақстан қоржынында әзірше 11 жолдама бар. Наурыз айында FIS ұйымы шаңғыдан Қазақстанға 7 лицензия (4 әйел және 3 ер) берілгенін жарияласа, артынша тау шаңғысынан да 2 лицензия (1 ер мен 1 әйел) берді. Мәнерлеп сырғанаудан Бостонда өткен әлем чемпионатының қорытындысы бойынша, Михаил Шайдоров пен Софья Самоделкина ресми түрде алғаш рет Олимпиадаға бару құқығына ие болды. Михаилдың күміс жүлде алуының арқасында Қазақстаннан тағы бір ер азаматымыз қыркүйек айында Бейжің төрінде қосымша лицензияға таласуға мүмкіндік алды.
