1 күн бұрын
«Ұлы дала жорығы» халықаралық марафонына неше ел қатысады?

2025 жылдың мамыр айында Алматы облысында өтетін «Ұлы дала жорығы» халықаралық марафон-бәйгесіне дайындықтар белсенді түрде жүріп жатыр.
500 шақырым қашықтықты қамтитын марафонға 15-ке жуық ел қатысады деп күтілуде. Ресей, Қырғызстан, Түркия, Иран, Мажарстан және тағы басқа елдерден спортшылар қатысады. Бұл шара тек спорттық тұрғыдан ғана емес, еліміздің мәдениеті мен тарихын насихаттау мақсатында да үлкен маңызға ие.
«Ұлы дала жорығы» марафонының ұзақтығы бес күнді құрайды, ал жалпы қашықтық 500 км-ді қамтиды. Жарыс Алматы - Өскемен тас жолындағы Бақанас көпірінен басталады. Марафон барысында қатысушылар Балқаш, Жамбыл, Іле аудандарының бірнеше ауылдарын кесіп өтеді. Балқаш ауданында Миялы, Бақбақты, Бақанас, Ақдала, Бояулы, Береке, Бура, Үшжарма, Ақжар, Аралтөбе, Желтораңғы, Топар ауылдары арқылы өтеді. Жамбыл ауданы Қаншеңгел, Ащысу, Айдарлы, Бозой ауылдарын қамтып, Іле ауданы Ақши ауылынан өтіп, марафон Қонаев қаласының «Қарлығаш» шағын ауданында аяқталады. Жорықтың жабылу салтанаты мен марапаттау рәсімі Қонаев қаласының орталық алаңында өтеді.
Марафон аясында ұйымдастырылатын маңызды шаралардың бірі – асыл тұқымды жылқылар көрмесі. Бұл көрмеде ұлттық жылқы тұқымдары, олардың ерекшеліктері мен тарихы таныстырылады. Жылқылардың сәні мен күшін көрсететін бұл көрме қатысушылар мен қонақтар үшін ерекше қызығушылық туғызары сөзсіз. Ұлттық қолөнер көрмесі де марафонның ажырамас бөлігіне айналады. Қазақ халқының бай қолөнер мұраларын көрсету мақсатында ұйымдастырылатын бұл көрмеде шеберлер өз жұмыстарын ұсынып, келушілерге ұлттық өнерді таныстырады. Туристер үшін арнайы қалашықтар мен фотозоналар да ұйымдастырылатын болады. Шетелден келген қонақтарға еліміздің мәдениеті мен салт-дәстүрі туралы қызықты әрі көрнекті ақпарат ұсынылады.
Мұндай халықаралық шаралар еліміздің туризм саласын дамытуға зор үлес қосып, Алматы облысының мәдени және тарихи мұрасын танытуға мүмкіндік береді. Марафонның маңыздылығын атап өткен спорт басқармасы басшысының орынбасары Рахман Шахарбек: «Бұл марафон тек спорттық жетістіктермен шектелмейді, ол еліміздің мәдени және туристік әлеуетін көрсетуге мүмкіндік береді. Жарыс арқылы біз Алматы облысының тарихи және мәдени мұрасын әлемге таныстырып, халықаралық қатысушылар мен туристер үшін маңызды оқиғаға айналдырамыз. Сонымен қатар, ұлттық қолөнер мен жылқы тұқымдары көрмесі, фотозоналар мен туристік қалашықтар осы шараның айрықша бөліктері болып табылады.
із үшін бұл — тек спорттық іс-шара емес, сонымен қатар ұлттық бірегейлікті көрсету мүмкіндігі», — деп атап өтті.
«Ұлы дала жорығы» марафоны еліміздің спорттық имиджін көтеріп қана қоймай, туризм саласына да жаңа серпін береді. Әлемнің әртүрлі елдерінен келген қонақтар мен қатысушылар бұл шараға қатыса отырып, Қазақстанның бай мәдени мұрасын тамашалай алады.
