2 күн бұрын
Облыстар антирекорды: VI Қысқы Спартакиада қалай өтті?

Милан-2026 қысқы Олимпиадасы қарсаңында еліміздегі төрт жылдықтың басты додасы – ақпан мен сәуір айлары аралығында жалғасқан VI Қысқы Спартакиада ресми түрде мәресіне жетті. Осы орайда қыстық спорт түрлеріндегі жағдайымызды анықтаған жарысты қорытындылауды жөн көрдім.
VI Қысқы Спартакиаданың биылғы бәсекесі бірнеше ерекшелігімен есте қалды. Біріншіден, 2021 жылғы қысқы Спартакиада тек Алматы қаласында ғана өтсе, биыл 14 cпорт түрін қамтыған жарысты Өскемен, Алматы, Риддер, Щучинск қалалары мен Алматы облысы қабылдады. Екіншіден, облыстардың рейтингісін шынайы анықтау мақсатында тек жүлде сапасы ғана бағаланды. Бұған дейін қысқы Спартакиадаға қатысқан әр облысқа ұпай берілетін. Бұл өзгеріс жүлдеге таласуға қауқарсыз облыстардың баруына шектеу болды. Үшіншіден, қысқы Спартакиадада кемі 5 облыс қатыспаған жарыстың жүлдесі ресми есепке енгізілмеді. Бұл тізімге тау шаңғы спорты, фристайл-могул, шаңғымен тұғырдан секіру, шаңғы қоссайысы кіреді. Ал сноуборд сайысы мүлдем өткізілмеді. Төртіншіден, жалпы есепте алғаш рет Ақмола облысы топ жарды.
Бірқатар жарыс түрлерінде Қазақстанның ең үздік спортшылары қатысты. Бұл әсіресе Ақмола облысына үлкен септігін тигізді. Шаңғыдан әйелдер арасында Надежда Степашкина 6 жүлде жиынтығы сарапқа салынған сайыстың бесеуіне қатысып, барлығында чемпион атанды. Щучинск қаласында өткен биатлоннан да ұлттық құраманың мүшелері Вадим Куралес, Александр Мухин, Арина Крюкова Ақмола облысына 3 алтынды алып берді. Шорт-тректен IX Қысқы Азия ойындарының туын алып шыққан Ольга Тихонова 2 мәрте алтын алып берді. Эстафеталық сайыста да бұл облысқа алтын жүлде түсті.
Мәнерлеп сырғанаудан жақында ғана Бостонда аяқталған әлем чемпионатында Олимпиада лицензиясын иеленген Софья Самоделкина (Астана қ.) елге келе салысымен, Өскемендегі қысқы Спартакиадаға қатысуға шешім қабылдады. Нәтижесінде Софья 209.93 ұпай жинап, күміс жүлдегер Амира Ирматовадан 63 ұпайға озып кетті.
Шорт-тректен Азия ойындарының басты қаһарманы Әділ Ғалиахметов, конькимен жүгіруден Кристина Силаева, Елизавета Голубева (барлығы – Астана қ.) қарсыластарына еш мүмкіндік қалдырмады. Осы маусымның басты жаңалығы – конькимен жүгіруші Евгений Кошкин (Алматы қ.) қысқы Спартакиадаға қатысып қана қоймай, 100 метр қашықтықта бейресми әлем рекордын жаңартты.
Нағыз тартыс мұз айдынындағы хоккейде жалғасты. Өскемен қаласындағы Борис Александров атындағы спорт кешенінде өткен әйелдер бәсекесінде кімнің чемпион болатындығы соңғы сәтке дейін белгісіз болды. Себебі, алаң қойжайыны Шығыс Қазақстан облысы мен Алматы қаласының жарты құрамы Қазақстанның намысын қорғайтын ойыншыларынан жасақталған болатын. Нәтижесінде алматылықтар 3:1 есебімен басым түсті.
Барлық спорттарда ұлттық құраманың мүшелері қатысты деп айта алмаймыз. Мысалы, ерлер арасындағы шайбалы хоккей, фристайл-могулдың бәсекелері қысқы Азия ойындары мен әлем чемпионатымен тұспа-тұс келіп қалды. Мәнерлеп сырғанаудан Михаил Шайдоровсыз өткен ерлер бәсекесінде тек 4 cпортшы ғана қатысты.
VI Қысқы Спартакиада еліміздегі өте маңызды жарыстың бірі саналса да, 20 өңірдің барлығы толықтай қатыспады. Ең көп спортшылар шаңғы (12 облыс), биатлон (10 облыс), керлингте (10 облыс) жүлдеге таласса, хоккейден бас жүлдені 5 облыс қана сарапқа салды. Өкінішке қарай, қатысушылардың арасынан Атырау облысы, Маңғыстау облысы (екеуі де керлинг), Ақтөбе облысы (шаңғы, биатлон, керлинг), Жетісу облысы (керлинг, шаңғымен тұғынһрдан секіру, шаңғы қоссайысы) жүлде бұйырмаса, Түркістан облысы, Жамбыл облысы, Ұлытау облысы мүлдем қатыспады.
