2 күн бұрын
Әлем кубогы: Қазақстандық төрт гимнаст финалға шықты

Фото: Ұлттық олимпиадалық комитет
Қатар астанасы Доха қаласында спорттық гимнастикадан кезекті Әлем кубогының кезеңі басталды.
Алғашқы жарыс күнінде төрт бірдей спортшымыз іріктеуден іркілмей өтіп, ақтық сынға жолдама алды.
Еркін жаттығуда 13,800 ұпай жинаған Милад Карими финалға екінші орынмен шықса, 13,466 ұпай еншілеген Алтынхан Темірбек төртінші орынмен келесі кезеңге өтті.
Сондай-ақ отандастарымыз тұтқалы ат снарядында жүлдеге таласу мүмкіндігін иеленді. Нариман Құрбанов 14,566 ұпай алып екінші орынмен финалға шықса, өнері 14,466 ұпайға бағаланған Зейнолла Ыдырысов төртінші нәтижемен ақтық бәсекеге сүрінбей өтті.
Іріктеудің екінші жарыс күнінде еліміздің атынан Милад Карими (кермедегі жаттығу) мен Алтынхан Темірбек (тіреп секіру) бақ сынайды.
