2 күн бұрын
Жалған келісімшарттар жасаған: «Astana Qazaqstan Team» велоклубы Винокуровтың меншігі ме?

Фото: inbusiness.kz
Қазақстандық спортшылардың шеберлігін шыңдау мақсатында халықаралық деңгейде «Astana Qazaqstan Team» велоклубы құрылған еді. Оған басшылық қызметке Олимпиада чемпионы Александр Винокуров тағайындалды. Түпкі мақсатымыз - ол дүниежүзілік додаларда атой салатын өзінің ізбасарларын дайындап шығады деген үміт еді.
Сол үмітіміздің ақталатын түрі жоқ. Өзінен кейін халықаралық жарыстарда топ жарған ешкім көрінер емес. Ал велоклубқа бөлініп жатқан қаржыны естісең таңғалуға тура келеді.
Антикордың тексеруі бойынша 2018-2023 жылдар аралығында «Astana Qazaqstan Team» велокомандасына 31,5 миллиард теңге бөлінген. Апырай, не деген есебі жоқ ақша десеңші. Қыруар қаржымен талай талантты жарқыратып шығаруға болады емес пе? Шын мәнінде, ол ақша шетелдік спортшыларға жұмсалған. Мына бір дерекке көз сала кетелік. Велокоманда сапында барлығы 45 спортшы бар. Оның ішінде небәрі төртеуі қазақстандық болып отыр. Төртеудің екеуі Александр Винокуровтың өзінің балалары екен. Сонда халықтың қаржысын желге шашқандай болып отыр емес пе? Ұлттық құрама сапында ойын көрсетіп жүрген жігіттердің өзі аталған клубқа жолай алмайды.
Әрине, оның ел спортындағы еңбегін ешкім жоққа шығара алмайды. Талай мәрте Қазақстанның абыройын дүниежүзілік додаларда аспандата түсті. Алайда оған өмір бойы елдің еркесіне айналуға ешкім құқық берген жоқ шығар. Қай нәрсе де елдің мүддесіне жұмыс жасалуы тиіс.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел спортындағы легионерлер мәселесі жөнінде бірнеше мәрте нақтылап айтты. Тіпті, шетелдік ойыншыларға бюджет есебінен қаржы бермеу жөнінде арнайы заң да қабылданды. Алайда «Astana Qazaqstan Team» велокомандасының ұстанып отырған саясаты оған мүлде кереғар болып отыр.
Тағы бір нәрсе, Александр Винокуровтың жөнсіз әрекеті мұндай келеңсіз көрініспен тыйылып қалған жоқ. Кейбір дерек көздерінде оның 2020 жылы Люксембургте командасы есебінен жалған келісімшарт жасағаны жөнінде айтылады. Оның жалпы құны 1,5 миллион еуроға жуық. Соның салдарынан есепшоттар жабылған. Оған қоса команданың беделіне жасалған үлкен соққы екенін жасыра алмаймыз. Кейбір компаниялар олармен бірігіп жұмыс жасаудан бас тартқан. Сондай-ақ Александр Винокуров елге де жиі ат ізін сала бермейді. Тіпті велокоманда мен еліміздің велоспорт федерациясы арасындағы байланыс та үзілген.
Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі былтыр ҚР Туризм және спорт министрлігімен бірлесіп, спортты қаржыландыру саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекеліне сыртқы талдау жүргізген еді. Аталған шара барысында көптеген кемшілік көзге түсті.
2018 жылдан бері спорт саласына қаралған қаржы бюджеті 2 есеге артқан. Оның жалпы көлемі - 1,4 трлн теңге. Алдағы 3 жылға тағы 1,3 трлн теңге бөлу жоспарланған. Десе де спорттағы көрсеткіш жақсарып кете қойған жоқ. Олимпиадада медаль алу жөнінен көңіл көншіткен нәтиже жоқ. Дүниежүзілік спорт рейтигінде төменгі орындарды місе тұтып жүрген жайымыз бар. Тіпті күдікті матчтар туралы көп айтылады. Бұл жөнінен еліміз жемқорлыққа ұшыраған елдердің бірі ретінде бағаланады. Sportradar халықаралық ұйымының антирейтингінде 4-ші орында тұрмыз.
Агенттік өкілдері талдауға сүйене отырып қаражаттың тиімсіз жұмсалуына алып келетін бірқатар факторларды алға тартты. Мәселен, «жоғары жетістіктер» және «бұқаралық» спортты қаржыландыру арасындағы айқын теңгерімсіздік байқалған. Мәселен, жоғары жетістіктер спортының бюджеті 340 млрд теңге болса, бұқаралық спортқа 35 млрд теңге қаралған. Яғни, айырмашылық 9 есеге артық болып отыр. Оған қоса жоғары жетістіктер спортында шетелдік ойыншылардың натурализация процестері қалыпты жағдайға айналды. Тәуелсіздік жылдары Қазақстан олимпиадалық спорт түрлеріне 126 шетелдік азаматтарды алды,. Оның ішінде 79-ы туған еліне қайтып кеткен.
«Самұрық-Қазына» АҚ арқылы 2018-2023 жылдар аралығында төрт спорттық клубқа 138 млрд теңге демеушілік қаражат бөлінген. Атап айтқанда, «Астана» футбол клубына - 50,1 млрд, «Барыс» хоккей клубына - 48,8 млрд, «Astana Qazaqstan Team» велотобына - 31,5 млрд, «Астана» баскетбол командасын 8 млрд теңге қаралған.
Талдау барысында спортты дамытуға бөлінетін қаражат тиісті мақсатқа жетпегені анықталды. Соның салдарынан Қазақстан спорт инфрақұрылымы бойынша көрші елдерден едәуір артта қалып қойды, Олардың қатарында UEFA және FIFA талаптарына сәйкес келмейтін стадиондар, балалар мен жасөспірімдер олимпиадалық мектептерінің жөнделмеген залдары және өзге де кемшіліктер бар.
