4 сағат бұрын
Бес дүркін Олимпиада чемпионы есірткіге тәуелді болғанын мойындады

Фото: Bryn Lennon / Getty Images
Велоспорттан бес дүркін Олимпиада чемпионы, британдық Брэдли Уиггинс бірнеше жыл бойы есірткі тұтынғанын жасырмады, деп хабарлайды Sport12.kz.
Бұл жөнінде 45 жастағы спортшы EuroSport басылымына берген сұхбатында ашық айтты.
– Ұлым мені өлі күйімде табады деп қорықты. Мен есірткіге тәуелді болдым. Көп адам мұны түсіне бермейтін. Бірақ мен расында да көбіне есірткі әсерінде жүретінмін. Әсіресе кокаинді шектен тыс көп мөлшерде тұтынатынмын. Бұл — мен үшін өте күрделі әрі қауіпті мәселеге айналды. Балаларым мені оңалту орталығына жібергісі келді. Себебі мен адам төзгісіз жағдайға жетіп, құлдыраудың шегінде тұрған едім. Қазір өзімді тірі қалғаным үшін бақытты санаймын. Бұл — менің өмірлік таңдауым. Бұрын өзімді жек көретінмін. Есірткі мен үшін өз-өзімді жоюдың бір тәсіліне айналды. Мен болғым келген адам бола алмадым. Дегенмен, айналамдағы жақындарыма ауыртпалық әкеліп жүргенімді дер кезінде түсіндім, — деді велошабандоз.
Уиггинс – велоспорт тарихындағы ең үздік спортшылардың бірі. Ол тректегі жарыста 4 рет Олимпиада чемпионы атанып, 7 мәрте әлем біріншілігінде топ жарған. Сондай-ақ, шосседегі бәсекеде 1 рет Олимпиада алтынын иеленіп, 1 мәрте жаһандық додада жеңіс тұғырына көтерілді.
