2 сағат бұрын
Көкпардан Жамбыл облысы чемпион атанды

Алматы облысында көкпардан жастар арасындағы Қазақстан Республикасының 19-шы Чемпионаты өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Sport12.kz
Финалдық ойында Жамбыл облысы мен Шымкент қаласының жастар құрамасы алтынды сарапқа салды.
Ойынның негізгі уақыты 4:4 есебімен тең аяқталды. Тартысқа толы финалда Жамбыл облысының көкпаршысы Арнұр Асен «алтын салым» салып, командасына жеңіс сыйлады. Осылайша Жамбыл облысы Қазақстан чемпионы атанса, Шымкент қаласы күміс жүлде иеленді. Ал Алматы облысы қола жүлдеге ие болды.
«Чемпионат өте жоғары деңгейде өтті. Алғашқы ойында былтыр ел чемпионы атанған Түркістан облысын жеңдік. Финалда қарсылас болған Шымкент қаласының құрама командасы өте керемет дайындалған екен. Тартысқа толы ойын «алтын салымға» ұласты. Бабымызбен бағымыз қатар келіп чемпион атандық. Балалар да намысқа тырысып, аянып қалмады. Арнайы көкпарға дайындалған аттар өз позициясын жақсы орындап шықты», – деді «Әулие ата» командасының жаттықтырушысы Құрманбай Сәрсенбекұлы.
Алматы облысы сапында өнер көрсеткен 18 жастағы Нұржігіт Пермебай 15 салым салып, чемпионаттың үздік ойыншысы атанды. Оған 300 мың теңге табысталды.
Еске сала кетсек, ел біріншілігіне 13 команда, 156 спортшы қатысты. Чемпионаттың жүлде қоры 12 млн 350 мың теңгені құрап, командаларға келесідей үлестірілді:
1-орын алған Жамбыл облысына 2,1 млн теңге;
2-орын алған Шымкент қаласына 1,1 млн теңге;
3-орын алған Алматы облысына 1 млн 350 мың теңге;
4-орын алған Атырау облысына 600 мың теңге;
5-орын алған Түркістан облысына 1,1 млн теңге;
6-орын алған Маңғыстау облысына 700 мың теңге;
7-орын алған Қарағанды облысына 400 мың теңге;
8-орын алған Қызылорда облысына 800 мың теңге;
9-орын алған Жетісу облысына 450 мың теңге;
10-орын алған Алматы қаласына 400 мың теңге;
11-орын алған ШҚО-ға 200 мың теңге;
12-орын алған Ақтөбе облысына 200 мың теңге берілді.
