7 сағат бұрын
Freedom QJ League бапкерлерге арналған семинарын Алматыда өткізуде

Freedom QJ League спорттық-сараптамалық бөлімі Лига бапкерлеріне арналған семинарды қайта өткізіп жатыр. Бұл жолы шара Алматы қаласында ұйымдастырылды. Оған «Оңтүстік» пен «Шығыс» топтарындағы клубтардың жаттықтырушылары қатысуда.
Елордада өткен семинар үлгісінде, Алматыдағы сабақтар үш күнге жоспарланған. Оларды Лига спорттық-сараптамалық бөлімі Қазақстан футбол федерациясының Техникалық орталығымен бірлесіп ұйымдастыруда. Маңыздысы – бапкерлер бұл семинар арқылы УЕФА конвенциясына сәйкес лицензияларын ұзарту үшін қажет сағаттарды тегін алады.
Қатысушыларды алғаш құттықтаған – спорттық-сараптамалық бөлім жетекшісі Арсен Инкарбеков. Ол семинардың бағдарламасымен таныстырды. Ал ҚФФ Техникалық орталығының жетекшісі Станислав Погорелов федерацияның бапкерлерді даярлау бағытындағы бесжылдық стратегиясын ұсынды. Бұдан бөлек, сарапшы Дмитрий Васильев командалардың биылғы маусымдағы ойындарына арналған аналитикалық есебін таныстырды.
Семинар тақырыптарының бірі – «Ойын барысында позициялық басымдықты қалай арттыруға болады?». Бұл бағытта сарапшы Игорь Шпанера ойын ұйымдастырудағы футболшылардың статикалық позицияларын талдап, қарсыластың мықты дайындалуы кезінде туындайтын қиындықтарға тоқталды.
Алғашқы күннің соңғы бөлігі рефлексияға және топтық жаттығуларды жоспарлауға арналды. Семинардың практикалық сабағы сейсенбі, 9 қыркүйек күні «Хан Тәңірі» стадионында өтеді.
Біздің серіктес: 200 000 фрибетті ұтысқа саламыз – арнаға жазыл және батырманы бас
