Сыйлық

Бүгінгі күннің бонустары

Olimpbet қосымшасын пайдалан Өту
Olimpbet Видеореп

3 сағат бұрын

Зарина Дияс: «Тенниске айтар алғысым шексіз»

Зарина Дияс: «Тенниске айтар алғысым шексіз»

Фото: Қазақстан теннис федерациясы

Елордада Қазақстан теннисінің жарық жұлдызы, ұлттық құраманың символына айналған Зарина Диясты үлкен спорттан шығарып салу рәсімі өтті, деп хабарлайды Sport12.kz.

Бұл жөнінде Қазақстан теннис федерациясы мәлім етті.

Билли Джин Кинг кубогы аясындағы Қазақстан мен Канада матчының екінші ойын күні қарсаңында Зарина кәсіби жолын аяқтайтынын ресми түрде мәлімдеді.

Қоштасу рәсімі өте әсерлі өтті. Әлемдік теннис жұлдыздарының бейне-құттықтаулары, әріптестерінің жылы лебіздері мен жанкүйерлердің толассыз қошеметі Заринаның көзіне жас алдырды. Әлемнің экс-31-ші ракеткасы, еңбекқорлық пен қайсарлықтың үлгісі болған Дияс үлкен спорттан тұтас бір дәуірді қалдырып барады.

Жетістік бағасы мен «тоқтаусыз бәйге» туралы

Қорытынды баспасөз мәслихатында Зарина ақтарыла сөйледі. Оның айтуынша, спорттан кету туралы шешім кездейсоқ қабылданбаған, бұл – жылдар бойғы ауыр жүктемелердің салдары.

«Бұл – шексіз жаттығулар, апта сайынғы шаршататын ұшулар, үнемі сезілетін стресс пен қысым. Уақыт өте келе физикалық тұрғыдан бұған төтеп беру қиындай түсті. Теннис – ешқашан аяқталмайтын бәйге сияқты. Белгілі бір кезеңде тоқтайтын уақыт келгенін түсінесің», – деді спортшы.

Дияс жеңіс дәмін тым ерте сезінгенін еске алды: 9 жасында алғашқы жүлделерін алса, 16 жасында АҚШ-та өткен әлем чемпионатында топ жарған. Өз күшіне деген сол сенім оған Токиодағы WTA титулын иеленуге және Үлкен дулыға турнирлерінің төртінші айналымына дейін жетуге көмектесті.

Атақтан да маңызды достық

Сырт көзге тұйық әрі жинақы көрінгенімен, Зарина теннис оған тек атақ-абырой ғана емес, адал достар сыйлағанын айтты. Арина Соболенко мен Анастасия Павлюченкова сияқты жұлдыздар оған жылы лебіздерін жолдады.

«Біз бір академияда жылдар бойы бірге жаттықтық. Кортта қарсылас болсақ та, өмірде жақын достармыз. Спорттан кетсем де, олармен араласа беремін. Бұл мен үшін өте құнды».

Жас буынға аманат

Ұлттық құраманың ойындарын бақылай отырып, Зарина жас теннисшілердің әлеуетін жоғары бағалады. Соның ішінде Соня Жиенбаеваның US Open чемпионы Бьянка Андреескуға қарсы ойынын ерекше атап өтті. Дегенмен, ол әр спортшының өз жолы барын айтып, біреуді «екінші Зарина Дияс» деп атауға асықпады.

Зарина жас ойыншылар мен олардың ата-аналарына басты кеңес ретінде төзімділікті атады:

«Теннис – бұл ұзаққа созылатын ойын. Жетістік бір күнде келмейді. Жеңілістер мен қиындықтар болады, бірақ тек нәтижеге ғана емес, сол жолдың өзінен ләззат алу маңызды. Ал ата-аналарға баланы спортты сүюге баулуды кеңес беремін. Егер бала жаттығуға қуанышпен барса, көзінде от болса – бәрі орындалады».



Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан