08.04.2025
Александр Шевченко Мадридтегі турнирді сенімді жеңіспен бастады

Фото: Ұлттық олимпиадалық комитет
Қазақстандық теннисші Александр Шевченко Испания астанасы Мадрид қаласында өтіп жатқан АТР Challenger турнирінің екінші айналымына жолдама алды.
Жарыстың 1/16 финалында Александр Шевченко (АТР: 106) америкалық теннисші Тристан Бойерді (АТР: 120) қапы қалдырды.
Қос теннисші арасындағы кездесу 1 сағат 43 минутқа созылды. Осы уақыт ішінде Шевченко 4 эйс пен 5 брейк жасап, 3 мәрте қос қателікке жол берді. Нәтижесінде, отандасымыз қарсыласынан 2:0 (7:5; 6:3) есебімен басым түсті.
Енді Шевченко 1/8 финалда Мигель Дамас (Испания) – Норберт Гомбош (Словакия) матчының жеңімпазымен кездеседі.
Айта кетейік, дүбірлі доданың жалпы жүлде қоры 145 250 еуроны құрайды.
