7 сағат бұрын
Әлемнің бірінші ракеткасы Испанияда топ жарды

Фото: Mutua Madrid Open
Әлемнің бірінші ракеткасы, Беларусь теннисшісі Арина Соболенко Испания астанасы Мадридте өткен Mutua Madrid Open WTA 1000 турнирін жеңіп алды, деп хабарлайды Sport12.kz.
Турнирдің финалында Соболенко әлемнің төртінші ракеткасы, америкалық Коко Гауффты тізе бүктірді.
Грунт кордында өткен чемпиондық кездесу 1 сағат 41 минутқа созылды. Осы уақыт ішінде Соболенко 2 эйс пен 4 брейк жасап, 2 қос қателікке жол берді. Ал Гауфф болса 2 эйс пен 2 брейк рәсімдеп, 8 мәрте қателесті. Ойын нәтижесінде Соболенко қарсыласын 2:0 (6:3; 7:6) есебімен жеңіп, турнирдің чемпионы атанды.
Дүбірлі доданың жалпы жүлде қоры 7 854 000 еуроны құрайды. Ал Арина жарыстың жеңімпазы ретінде 1000 рейтингтік ұпай мен 985 000 еуроға ие болды.
Айта кетейік, аталған турнирде еліміздің атынан үш теннисші бақ сынаған болатын. Жекелей сында Юлия Путинцева (WTA: 24) 1/32 финалдан жарысты аяқтаса, Елена Рыбакина (WTA: 11) 1/16 финалдан әрі аса алмады. Ал жұптық сайыста ресейлік Ирина Хромачёвамен бірге бақ сынаған Анна Данилина (WTA: 896) 1/8 финалда сүрінді.
