12 сағат бұрын
Қазақстанның бірінші ракеткасы Италиядағы турнирді жеңіспен бастады

Фото: Global Look Press
Қазақстандық теннисші Александр Бублик Италия астанасы Римде өтіп жатқан Internazionali BNL d'Italia ATP Masters 1000 турниріндегі алғашқы жеңісіне қол жеткізді, деп хабарлайды Sport12.kz.
Жарыстың 1/64 финалында Бублик (АТР: 76) әлемдік рейтингте қатар тұрған ресейлік теннисші Роман Сафиуллинді (АТР: 77) қапы қалдырды.
Грунт төсенішіндегі кортта өткен кездесу 1 сағат 38 минутқа жалғасты. Осы уақыт ішінде 6 эйс пен 3 брейк рәсімдеп, 3 мәрте қос қателік жасады. Матч нәтижесінде отандасымыз қарсыласынан 2:0 (6:3; 7:6) есебімен басым түсті.
Енді Бублик келесі кезеңде Мадридтегі турнирдің чемпионы норвегиялық Каспер Руудпен (АТР: 7) күш сынасады.
Айта кетейік, дүбірлі доданың жалпы жүлде қоры 8 055 385 еуроны құрайды. Ал Бублик екінші айналымға іркілмей өткені үшін 30 рейтингтік ұпай мен 30 895 еуроға ие болды.
