15.12.2025

Рекордтарын жаңартқан жас пара спортшылар Астанаға оралды

Рекордтарын жаңартқан жас пара спортшылар Астанаға оралды

14 желтоқсаннан 15 желтоқсанға ауған түні елорданың халықаралық әуежайына Біріккен Араб Әмірлігінде өткен жасөспірімдер арасындағы V Азия Пара ойындарының жеңімпаздарын салтанатты түрде қарсы алды, деп хабарлайды Sport12.kz

10-13 желтоқсан аралығында өткен төрт жылдықтың кешенді жарысында еліміздің намысын 9 спорт түрінен 60 отандасымыз қорғап, 68 медальді жеңіп алды. Олардың арасында пара үстел теннисінен тұңғыш рет Париж Паралимпиадасына қатысқан Әли Мақұлбеков те болды.

«Дубай мен Қазақстанның ауа райындағы айырмашылыққа байланысты жарысқа алдын ала барып, бейімделдік. Үстел теннисінде Иран, Жапония, Малайзия спортшылары жоғары дайындықпен келгені байқалды. Соған қарамастан, мен жеке және аралас жұптық сайыста алтын, ал жұптық бәсекеде қола жүлдеге ие болдым. Ең қиын ойын жартылай финалда Иран өкіліне қарсы өтті. 0:1 есебінен камбэк жасап, жеңіске жеттім. Алдағы басты мақсатым - Лос-Анджелес Паралимпиадасының жолдамасын алу», - деді Әли Мақұлбеков.

Жасөспірімдер арасындағы Азия пара ойындарының деңгейі уақыт өткен сайын артып келеді. Мәселен, 2021 жылы Бахрейндегі өткен додаға 30 ел бас қосса, биыл рекордтық 45 мемлекет жүлдеге таласты. Айта кетерлігі, Қазақстан құрамасы бұл бәсекеге 8 жылдық үзілістен кейін қайта қатысты.

2009 жылдан бастауын алған жасөспірімдер арасындағы Азия пара ойындарының тарихында осыған дейін Қазақстан құрамасы 25 алтын еншілеген еді. Ал Дубайдағы өткен V Азия пара ойындарында отандастарымыз 25 мәрте жеңіс тұғырына көтеріліп, еліміздің әнұрамызды шырқатты.

«25 алтын алудың өзі оңайға соққан жоқ. Осының артында жүйелі жоспар құру, оқу-жаттығу жиындары, бапкерлердің еңбегі, спортшылардың қаншама төккен тері жатыр. Ең бастысы, ұлттық құраманың артынан еріп келе жатқан резервтің деңгейін тексеруге мүмкіндік алдық және олар үлкен тәжірибе жинады», - деп Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының жоғары жетістіктер спорты және өңірлік даму жөніндегі директордың орынбасары Лескен Есекеев өз пікірін білдірді.

Айта кетейік, енді жасөспірімдер арасындағы келесі VI Азия Пара ойындарын 2029 жылы Камбоджа Корольдігі қабылдайды.


Біздің серіктес: Бізге тіркел!