20.01.2025
Қысқы Азиада-2025: Фристайл-акробатикада кімдер бақ сынайды?

Фото: Olympic.kz
Алдағы ақпан айының 7-14 ақпан аралығында Қытайдың Харбин қаласында жалауын көтеретін Қысқы Азия ойындарында фристайл-акробатикада бақ сынайтын спортшылар тізімі белгілі болды.
Бас бапкер Бағлан Іңкәрбек, бапкерлер құрамындағы Илья Голендов пен Жібек Арапбаева жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы Дінмұхаммед Райымқұл сынды саңлақтарға сенім артты.
Айта кетсек, Дінмұхаммед Райымқұл жақында фристайл-акробатикадан Алматыда өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды.
Сондай-ақ, ел құрамасы сапында Аяна Жолдас 2018 жылы Қысқы Олимпиада ойындарында бақ сынап қайтты. Ол 2022 жылы Бейжіңде Қысқы Олимпиада ойындарына қатысты.
Енді Қысқы Азия ойындарында оларданбасқа Ардана Маханова, Шерзод Хаширбаев, Ұланбәкір Өмірзақов, Роман Иванов, Асылхан Асан сайысқа түседі.
Еліміздің фристайл-акробатика құрамасының шеберлерінің қатысуымен Алматыдағы Шымбұлақ тау шаңғы курортында 2024 жылдың 16 қараша-5 желтоқсан аралығында оқу-жаттығу жиыны өтті.
Оны ұйымдастыруға Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің қолдау көрсетті. Фристайл-акробатика бойынша ұлттық құраманың жеті көшбасшысы бес бапкердің басшылығымен жаттығуға қатысты.
Фристайл-акробатика бойынша Қазақстан құрамасының бас бапкері Бағлан Іңкәрбек спортшылардың қазіргі дайындық деңгейін және жаттығу процесінің ұйымдастырылуын жоғары бағалады.
