12 сағат бұрын
Универсиада-2025: Бүгін отандастарымыз қандай нәтиже көрсетті?
Фото: havean_ice_day
Бүгін, 21 қаңтар, Италияның Турин қаласында өтіп жатқан қысқы универсиада ойындарының сегізінші жарыс күні өз мәресіне жетті.
Қазақстандық спортшылар шаңғы жарысы және шорт-тректен жүлдеге таласты.
Назарларыңызға отандық спортшыларымыздың тіркеген нәтижелерін ұсынамыз.
Шаңғы жарысы, 4х7,5 шақырым, эстафета: Ерлер арасында 4х7,5 шақырымдық трассада сынға түскен Қазақстан құрамасы, мәре сызығын бесінші болып қиды (1:10.45). Ал қыздарымыз дәл осы сайыста белгіленген межені 1:29.43 сағатта бағындырып, тоғызыншы орынға табан тіреді.
Шорт-трек, 1500 метр: Ерлер құрамасы сапына үздік нәтиже көрсеткен спортшы – Әлішер Абулкатимов. Әлішер жалпы есепте төртінші орынға жайғасты. Қалған шорт-трекшілеріміз Айбек Темірхан мен Дамир Курманов финалдық сынға өте алмады. Ал әйелдер арасында Әлина Әжғалиева финалдық сында жарысқа түсіп, мәре сызығын жетінші болып кесті. Қалған қыздарымыз Анастасия Галешина мен Полина Омельчукке ақтық сында өнер көрсету бақыты бұйырмады.
Осылайша Қазақстан құрамасы кезекті жарыс күнін жүлдесіз аяқтады.
Еске сала кетейік, Қазақстан командасы медальдар жиынтығы бойынша жалпы командалық есепте сегізінші орында келеді. Ел құрамасының қоржынында әзірге 3 алтын, 4 күміс және 4 қола медаль бар.