3 сағат бұрын
Қазақстандық спортшылар 5 ақпанда қандай нәтиже көрсетті?
Фото: Спорт және дене шынықтыру істері комитеті
Бүгін IX Қысқы Азия ойындарында қазақстандық спортшылар шайбалы хоккейден және керлингтен сынға түсті.
ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті 5 ақпанда өткен ойындарға шолу жасады.
Хоккей. Бүгін IX қысқы Азия ойындарында шайбалы хоккейден Қазақстанның ерлер құрамасы Қытайды 6:1 есебімен айқын жеңіске жетті. Біздің хоккейшілер матчты жоғары қарқынмен бастап, үшінші минутта-ақ есепті 2:0-ге жеткізді. Ойын соңына дейін басымдықты уысынан шығармай, қарсыластарынан айқын үстем түсті.
Бұған дейін Қазақстан құрамасы Таиландпен кездесіп, 12:0 есебімен ірі жеңіске қол жеткізген болатын.
Керлинг. Қазақстанның керлингтен аралас жұптар құрамасы бүгін турнирдегі алғашқы жеңісіне қол жеткізіп, маңызды нәтижеге қол жеткізді.
Керлингтен аралас жұптар арасындағы топтық кезеңнің үшінші матчында Әмина Сейітжанова мен Азизбек Надирбаев Қатар құрамасымен сынға түсіп, 7:4 есебімен жеңіске жетті. Бұл — қазақстандық спортшылардың турнирдегі алғашқы жеңісі. Бұған дейін олар Оңтүстік Корея мен Қытай командаларына жол берген еді.