3 сағат бұрын
Шұғыла Өмірбек U23 санатындағы әлем чемпионатында тарихи алтынды алды
Күрес түрлерінен Сербияның Нови-Сад қаласында өтіп жатқан 23 жасқа дейінгі әлем чемпионатында әйелдер арасындағы бәсекеден тұңғыш алтын медаль бұйырды, деп хабарлайды Sport12.kz
55 келіде сынға түскен Шұғыла Өмірбек финалдық белдесуде бірнеше жас санатында Еуропа чемпионы, Түркия спортшысы Туба Демирді 12:8 есебімен ұтты.
Жарыс барысында аруымыз 23 жасқа дейінгі әлем чемпионатының күміс жүлдегері Михаэл Симонды (Молдова) 10:2, кадеттер арасында әлем чемпионатының күміс жүлдегері Александра Войчилескуді (Румыния) 3:1, жартылай финалда 20 жасқа дейінгі Еуропа чемпионы Амори Андрихті (Германия) 2:0 есебімен ұтты.
Айта кетейік, 2017 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан U23 әлем чемпионатында осы сәтке дейін бірде-бір аруымыз финалға дейін жетпеген.
Ал 23 жасқа дейінгі жаһандық доданың тарихына көз жүгіртсек, 2023 жылы Сұлтан Әсетұлы (67 келі, грек-рим күресі) және 2024 жылы Ризабек Айтмұхан (97 келі, еркін күрес) топ жарған.
Шұғыла Өмірбектің бұған дейінгі ең ірі жетістігі 2024 жылы Иорданияда өткен U23 Азия чемпионатындағы күміс жүлдесі саналған еді.
Біздің серіктес: 200 000 фрибетті ұтысқа саламыз – арнаға жазыл және батырманы бас
Қанат Байұзақов