3 сағат бұрын
Шұғыла Өмірбек: 23 жасқа дейінгі әлем чемпионатымен шектеліп қалмаймын
Күрес түрлерінен Сербияның Нови-Сад қаласында өтіп жатқан 23 жасқа дейінгі әлем чемпионатында әйелдер арасындағы бәсекеде Шұғыла Өмірбек тұңғыш алтын медальді жеңіп алған еді. Осы орайда спортшы Sport12.kz сайтына өз әсерімен бөлісті.
Кез келген спортшының мақсаты - жеңіске жетіп, чемпион атану. Әйтсе де U23 санатындағы әлем чемпионы боламын деп күттіңіз бе?
- Cпорт сарапшылары біздің салмақтағы басты фаворит ретінде ересектер арасында 2024 жылы әлем чемпионы, Азия чемпионы атанған жапон балуаны Моэ Киоека, 23 жасқа дейінгі Еуропа чемпионы Туба Демир (Түркия), 20 жасқа дейінгі әлем чемпионы Кристель Родригесті (АҚШ) санап, чемпиондыққа таласады деп ойлап еді. Алайда кез келген спортшы жарысқа жеңілемін деп бармайды. Жеке өзім Алматы облысындағы Олимпиадалық даярлау орталығында оқу-жаттығу жиынына қатысып, үлкен додаға тек қана үлкен мақсатты көздеп бардым. Қағаз жүзіндегі мықтылардың барлығымен жолым түйіспесе де, жарыс жолында 23 жасқа дейінгі әлем чемпионатының күміс жүлдегері Михаэл Симонды (Молдова) 10:2, кадеттер арасында әлем чемпионатының күміс жүлдегері Александра Войчилескуді (Румыния) 3:1, жартылай финалда 20 жасқа дейінгі Еуропа чемпионы Амори Андрихті (Германия) 2:0 және финалда Түркия спортшысы Туба Демирді 12:8 есебімен жеңдім.
Әлем чемпионы атанған сәтіңізде күллі қазақ жұрты қуанып, ел президенті сізді арнайы құттықтады. Қалай қабылдадыңыз?
- Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзі арнайы құттықтағаны мен үшін үлкен мәртебе. Тарихқа көз жүгіртсек, 2017 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан 23 жасқа дейінгі әлем чемпионатында Қазақстанның арулары 7 қола медаль иеленген екен. Араға 8 жыл салып және Республика күніне орай осындай сый жасағаныма өте қуаныштымын.
Сіз бұған дейін 2024 жылы Қазақстан чемпионатында 57 келіде қола медаль және 2025 жылы Қазақстан Кубогында күміс медаль еншіледіңіз. Неге әлем чемпионатында 55 келіге түсуге жөн көрдіңіз?
- Өзіммен бірге бір залда жаттығатын әрі жастар арасында әлем чемпионы Нилуфар Раимова 57 келіде күресіп жүр. Сондықтан бапкеріммен ақылдаса келе, 55 келіге ауыстым. Әйтсе де мен биыл Ресейдегі Александр Медведьті еске алуға арналған халықаралық турнирде 55 келіде сынға түскенмін. Мен үшін бұл салмақ бөтен емес.
Жеребеге көз жүгіртсек, сіздің әрбір қарсыласыңыздың атақтары біршама. Сіздің ойыңызша, мықты спортшыларды жеңу сәтінде сіздің өзгелерден қандай артықшылықтарыңыз болды?
- Белдесу алдында бапкерім қарсыласымның осал тұстарын айтып отырады. Өзгелерден артықшылығым - бапкерімнің маған белдесу кезінде нұсқау көрсетіп отыратыны деп ойлаймын. Мен қарсыластарымнан физикалық жағынан ғана емес, тактикалық тұрғыдан да басым болдым.
Кейінгі жылдары Түркістан облысынан жасөспірім, жастар және енді 23 жасқа дейінгі әлем чемпионы шықты. Бірнеше жылда ғана осындай белестерді бағындыруда бапкерлеріңіздің рөлі орасан шығар?
- Әрине! Түркістан облысының аға бапкері Нұржігіт Ерімбетовтың 2021 жылы жастар арасында (Нилуфар Раимова), 2025 жылы жасөспірімдер арасында (Махдия Усманова) әлем чемпиондарын шығару оның тыңғылықты жұмысы мен біліктілігінің, өз ісінің маманы екенінің дәлелі деп ойлаймын.
Белдесу барысында бапкеріңіз қалай жігерлендіреді?
- Белдесу барысында бапкерім «тоқтама, сен қарсыласыңнан әрқашанда бір бас жоғары тұрасың» деп үнемі жігерлендіріп отырады.
Әйелдер ұлттық құрамасында қыз баласының күреске аз келетіндігі үнемі айтылып жатады. Ал сізге дәл осы спорт түрімен кәсіби түрде айналысуға не ықпал етті?
- Алдыма қойған мақсаттарым деп ойлаймын. Осы U23 жасқа дейінгі әлем чемпионатымен шектеліп қалмаймын. Енді ересектер арасындағы әлем чемпионаты және Олимпиада ойындарын жеңуге күшімді саламын.
Күрестен басқа қандай спорт түрімен айналысқансыз? Неге дәл осы спортты таңдадыңыз? Бос уақытыңызда немен айналысасыз?
- Басқа спорт түрлерімен айналасқан жоқпын. Кішкентай кезімде телевизордан медаль алып жатқан балаларды көріп қызығатынмын. 4 сынып оқып жүргенімде,бапкерім сабақ үстінде келіп, жылап отырған жерімнен көңілімді аулап, «сенің күшің көп екен, күреске кел» деп шақырғаннан бері айналысып келемін. Жаттығудан бөлек, бос уақытымда демалуды жөн санаймын. Қазіргі уақытта кітапқа деген қызығушылығым оянды.
Енді сізді алдағы уақытта қандай жарыстан көре аламыз?
- Бұйырса, қараша айында өтетін Қазақстан чемпионатына қатысуды жоспарлаудамын.
Біздің серіктес: 200 000 фрибетті ұтысқа саламыз – арнаға жазыл және батырманы бас
Қанат Байұзақов