5 сағат бұрын
Күрес түрлерінен Қазақстан чемпионатына 1200-ден астам балуан тіркелді
Елордада 17 жасқа дейінгі және 20 жасқа дейінгі спортшылар арасында грек-рим, еркін және әйелдер күресінен Қазақстан Республикасының чемпионаты басталды, деп хабарлайды Sport12.kz.
Чемпионаттың салтанатты ашылу рәсімі Qazaqstan жеңіл атлетика спорт кешенінде өтті. Жарысқа еліміздің барлық өңірінен 1200-ден астам жас балуан қатысып жатыр. Қатысушыларға құттықтау сөзбен Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек үндеу жасады.
«Бүгін елордамыз тағы да еліміздің ең мықты жас балуандары жиналатын орталыққа айналды. Қазақстан спортының болашағы қалыптасатын осындай жарыстарды қабылдау біз үшін үлкен мәртебе. Қазақстандық күрес мектебі ондаған жылдарға созылған дәстүр мен ұрпақтар сабақтастығы. Біз Олимпиада ойындарының жүлдегері Демеу Жадраевты, әлем чемпиондары Ризабек Айтмұханды, Нұрқожа Қайпановты, Айдос Сұлтанғалиды және басқа да спортшыларымызды мақтан тұтамыз. Бүгін кілемге шыққан жас спортшылар осы жолды жалғастырады. Біз әрбір спортшының өз әлеуетін толық ашып, халықаралық аренада Қазақстанды лайықты таныстыруы үшін барлық жағдайды жасай береміз. Спортшыларға адал күрес пен жеңіс тілеймін», — деді қала әкімі.
Айта кетейік, U-17 жас санатында чемпиондар 30 салмақ дәрежесі бойынша анықталады. Ал U-20 санатында 32 жүлде жиынтығы сарапқа салынады.
Әр салмақ дәрежесінде жеңіске жеткен спортшылар ұлттық құрама сапына қосылып, Қазақстан атынан ресми халықаралық жарыстарда өнер көрсетеді.
Чемпионат 21 ақпан мен 2 наурыз аралығында өтеді.
Біздің серіктес: «Ойна, болжа, қатыс!»
Қанат Байұзақов