19.03.2026
Таразда күрес түрлерінен U15 және U23 арасындағы Қазақстан чемпионаты аяқталды
Тараз қаласында грек-рим, еркін және әйелдер күресінен U15 және U23 арасындағы Қазақстан чемпионаты өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Sport12.kz
Он күнге созылған чемпионатқа еліміздің барлық өңірлерінен келген 2 034 жас балуан қатысты.
Аталған дода жас спортшылардың шеберлігін шыңдап, болашақ ұлттық құрама сапына үміткер балуандарды анықтауда маңызды жарыстардың бірі саналады. Әр салмақ дәрежесінде үздік шыққан спортшылар Қазақстан құрамасының қатарына қосылып, ресми чемпионаттарда ел намысын қорғайды.
Жарыс аясында грек-рим, еркін және әйелдер күресі бойынша жалпыкомандалық есеп қорытындылары шығарылды. Жүлделі орындарға іліккен өңірлердің медаль көрсеткіші олардың дайындық деңгейін айқын аңғартады. Мәселен, Түркістан облысының құрамасы 19 алтын, 16 күміс және 19 қола медаль еншілеп, бірнеше бағытта көшбасшылықты бекемдеді. Алматы облысы 10 алтын, 6 күміс, 10 қола медальмен тұрақты нәтижесін көрсетті. Атырау облысының қоржынында 6 алтын, 5 күміс, 6 қола жүлде болса, Жамбыл облысы 7 алтын, 4 күміс, 7 қола медальға қол жеткізді. Алматы қаласының балуандары 7 алтын, 4 күміс, 6 қола медаль иеленіп, жоғары деңгейін дәлелдеді. Ал Шығыс Қазақстан мен Қарағанды облыстары тиісінше 2 алтын, 3 күміс, 3 қола медальдан еншіледі.
Атап айтқанда, Қазақстан күрес федерациясының спорт директоры Жандос Сайханов турнирдің жалпы деңгейіне тоқталып, өңірлік дайындық жүйесіне қатысты пікір білдірді.
– Тараз төрінде өткен чемпионатымыз біз үшін нақты талдау алаңы болды. Қай өңірде жүйе бар, қай бағытта жұмыс әлсіз – бәрі көрінді. Түркістан облысының нәтижесі олардың бірізді дайындық жүйесін көрсетсе, басқа өңірлерден өз бағыттары бойынша алға жылжи бастағаны байқалады. Ең бастысы бәсеке бар. Қазір бізге дәл осы ішкі бәсекені жоғалтпай, оны сапаға айналдыру маңызды. Осы чемпионатта көзге түскен балуандар алдағы уақытта ұлттық құрама сапына тартылып, халықаралық жарыстарда ел намысын қорғауға өз мүмкіндіктерін алады, – деді чемпионатқа жоғары бағасын берген Жандос Түсіпханұлы.
Біздің серіктес: «Ойна, болжа, қатыс!»
Қанат Байұзақов