Сыйлық

Бүгінгі күннің бонустары

Olimpbet қосымшасын пайдалан Өту
Olimpbet Видеореп

3 сағат бұрын

Астанада күрес түрлерінен әлем чемпионаты өтуі мүмкін

Астанада күрес түрлерінен әлем чемпионаты өтуі мүмкін

Қазақстанға Біріккен күрес әлемінің (UWW) басшысы Ненад Лалович пен UWW ASIA президенті Мохаммед әл-Авамле ресми іс-сапармен келді, деп хабарлайды Sport12.kz

Сапар аясында Астана қаласында бірқатар маңызды кездесулер өтіп, отандық күресті дамытуға бағытталған стратегиялық бастамалар жүзеге асырылды.

Қазақстан күрес федерациясының президенті Еркін Оқасовтың арнайы шақыруымен келген қонақтарға елордамызда салынып жатқан Қазақстан күрес академиясы таныстырылды. Айта кетейік, ресми ашылуы 2026 жылдың күз мезгіліне жоспарланған Академияда грек-рим күресі, еркін күрес және әйелдер күресінен бөлек, жағажай күресінің балуандары да жаттығып, халықаралық додаларға дайындықтарын пысықтай алады. Бұдан бөлек, Академия аясында медициналық және спорттық-ғылыми лабаротиялар да ашу көзделген.

Сонымен қатар, Астана қаласында Қазақстан күрес федерациясы жаңа кеңсесінің ресми ашылу салтанаты өтті. Салтанатты рәсім барысында лента қию құрметі Федерация президенті Еркін Оқасов пен Ненад Лалович мырзаларға бұйырды. Бұл сәт ел күресінің жаңа кезеңге қадам басқанын айшықтайтын тарихи сәттердің бірі болды.Өйткені, жаңа кеңсе әкімшілік орталық қана емес, сондай-ақ, ұлттық спорттың рухын дәріптейтін ерекше кеңістік ретінде жасақталған. Кеңсе құрамында Қазақстан күресінің бай тарихына арналған арнайы Даңқ залы ашылды.

Даңқ залы – ел намысын әлемдік аренада асқақтатқан даңқты балуандарымызға тағзым ететін рухани орда. Мұнда Олимпиада және әлем чемпионаттарында атой салған қазақ балуандарының тарихи жетістіктерін бейнелейтін бірегей жәдігерлер қойылған. Атап айтқанда, чемпиондардың медальдары, белбеулері, жарыс формалары, фотосуреттері мен жеке архивтік материалдары келушілер назарына ұсынылған.

Айта кетейік, сапардың негізгі нәтижелерінің бірі – Қазақстанда күрес спортын жүйелі түрде дамытуға бағытталған маңызды құжатқа қол қойылуы болды. Атап айтқанда, United World Wrestling аясында Қазақстан күрес академиясын ашу туралы өзара серіктестік меморандумға қол қойылды.

– Бұл бастама елімізде жас балуандарды даярлау жүйесін жаңа деңгейге көтеріп, халықаралық стандарттарға сәйкес мамандарды қалыптастыруға жол ашуы тиіс. Сонымен қатар, академия отандық және шетелдік тәжірибені біріктіретін білім беру және жаттығу орталығына айналып, бүкіл әлембалуандары көз тігетін жүйе құрылады деп сенеміз, - деді Еркін Қадырғалиұлы.

Өз кезегінде халықаралық ұйым басшылары Қазақстанның күрес спортын дамытудағы қарқынына жоғары баға беріп, алдағы уақытта өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екендерін жеткізді.

Қазақстанға іс-сапар барысында шетелдік қонақтарға Астана қаласындағы Жекпе-жек сарайы, «Барыс-Аренадан» бөлек, Алматы қаласының да спорттық нысандары таныстырылды.

Сондай-ақ, кездесу барысында UWW президенті 2026 жылы Бахрейнде өтуі тиіс әлем чемпионатының орны геосаяси жағдайға байланысты ауысатынын айтты.


Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан