Сыйлық

Бүгінгі күннің бонустары

Olimpbet қосымшасын пайдалан Өту
Olimpbet Видеореп

6 сағат бұрын

Ақтауда қазақ күресінен Қазақстан чемпиондары анықталды

Ақтауда қазақ күресінен Қазақстан чемпиондары анықталды

Фото: Қазақстан қазақ күресі федерациясы

Маңғыстау облысының орталығы – Ақтау қаласында 2009-2010 жылдары туған жасөспірімдер арасында қазақ күресінен Қазақстан Республикасының чемпионаты өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Sport12.kz.

Бұл жөнінде қазақ күресі федерациясы мәлім етті.

Үш күнге созылған ел біріншілігіне 17 облыс пен үш қаладан келген 750-ге жуық жас балуан қатысты.

Жарыстың ашылу салтанатына Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев, Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Маңғұбаев және Qazaq Kuresi Ассоциациясының бас директоры Мейіржан Берекетов қатысты.

Салтанатты рәсімді алғысөзбен ашқан Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев ұлттық спорттың маңызына кеңінен тоқталып, жарыс қатысушыларына ақжарма тілегін жеткізді.

– Бүгінгі дода – ұлттық рухымыздың асқақтайтын, ата-бабамыздан мұра болып қалған төл күресіміздің салтанат құратын күні. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұлттық спорт түрлерін дамыту – мәдени мұраны сақтаудың маңызды бағыты екенін бірнеше рет атап өткен болатын. Маңғыстау өңірі қашанда спортты, оның ішінде ұлттық спорт түрлерін дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Бүгінгі дүбірлі додаға еліміздің түкпір-түкпірінен келген жас балуандар кілемде өз бақтарын сынап, шеберліктерін көрсетеді деп сенемін. Қажымұқан мен Балуан Шолақтардың ізімен келе жатқан барша қатысушыларға әділ бәсеке, жарқын жеңістер тілеймін! Жарыс жоғары деңгейде өтіп, көрермендерге керемет әсер сыйласын! – деді Аббат Өрісбаев.

Өз кезегінде Qazaq Kuresi Ассоциациясының бас директоры Мейіржан Берекетов жас балуандар үшін бұл чемпионаттың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, Ақтаудағы дода – болашақ чемпиондарды анықтайтын маңызды алаңдардың бірі. Бозкілемде көзге түскен спортшылар алдағы уақытта Қазақстан құрамасының резервін толықтырып, халықаралық жарыстарда ел намысын қорғауға мүмкіндік алады.

Сондай-ақ, шара барысында Маңғыстау өңірінде қазақ күресін дамытуға үлес қосып жүрген бірқатар сала маманы Qazaq Kuresi Ассоциациясының Алғыс хаттарымен марапатталды.

Үш күнге жалғасқан белдесулердің қорытындысында ел чемпиондары анықталды. Әр салмақ дәрежесінде топ жарған балуандар қатарында ұлдар арасында Адиль Балтабаев (БҚО, 50 келі), Нұрлыжан Қалмағанбет (Қызылорда облысы, 55 келі), Ілияс Патта (Қызылорда облысы, 60 келі), Илияс Балтақаев (Абай облысы, 65 келі), Ернұр Әмірбеков (Түркістан облысы, 70 келі), Досымжан Тұраш (Жамбыл облысы, 76 келі), Ернұр Аманов (Абай облысы, 82 келі), Рустам Әділхан (Астана қ., 90 келі), Ермұрат Нұрахметов (Астана қ., +90 келі) бар.

Қыздар арасында да тартыс жоғары деңгейде өтіп, өз салмақтарында үздік шыққан балуандар анықталды. Бұл санатта Арайлым Фархат (Қызылорда облысы, 44 келі), Кәусар Мұхтар (Алматы облысы, 48 келі), Жания Мүтәлова (Қызылорда облысы, 52 келі), Алина Ерсейіт (Астана қ., 56 келі), Шариз Буралкинова (Жамбыл облысы, 60 келі), Дарья Бондарь (Қостанай облысы, 65 келі), Жансая Шеген (Қостанай облысы, 70 келі), Саида Қабылжан (Жамбыл облысы, 75 келі), Әсел Данияр (Шымкент қ., +75 келі) алтыннан алқа тақты.

Айта кетейік, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ және Sport Qory спортты қолдау қорының демеушілігімен өткен чемпионаттың жалпыкомандалық есебінде Түркістан облысы 218 ұпаймен бірінші орынды иеленді. Қызылорда облысы 201 ұпаймен екінші орынға тұрақтаса, Жамбыл облысы 166 ұпаймен үздік үштікті түйіндеді.

Чемпионатты қорытындылаған Маңғыстау облыстық қазақ күресі федерациясының атқарушы директоры Қайрат Бұрбасов бұл чемпионаттың рөліне тоқталды.

– Бұл чемпионат жасөспірімдер арасындағы іріктеудің негізгі кезеңдерінің бірі болып табылады. Үздік нәтиже көрсеткен спортшылар болашақта ұлттық құрама сапына кіру мүмкіндігіне ие болады. Жалпы 18 салмақ дәрежесінде өткен чемпионатта 50 тәжірибелі арбитр төрешілік етті. Ал жеңімпаздар мен жүлдегерлерге жалпы 72 медаль табысталды, – деді ол.

Қайрат Бұрбасовтың айтуынша, мұндай чемпионаттар жас балуандар үшін тәжірибе алмасуға, дайындық деңгейін арттыруға және алдағы ірі додаларға іріктеуден өтуге жол ашады.

Айта кетсек, чемпионат ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті, Qazaq Kuresi ассоциациясы, Маңғыстау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы және облыстық қазақ күресі және дзюдо спорт мектебінің ұйымдастыруымен өткен болатын.


Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан