19 сағат бұрын
Нұрқожа Қайпанов: Әлем чемпионымын деп жүре бермеймін ғой

Еркін күрестен 2024 жылғы әлем чемпионы Нұрқожа Қайпанов Азия біріншілігіне қатысатын құрамда әзірге жоқ. Ол қосымша белдесуде жеңсе ғана, тізімге ілігуі мүмкін. Осы орайда, балуан барлығына дайын екенін айтты.
«Мадияр ағай телефон шалып, «прикидка» болатынын айтты. Бұл дұрыс шешім деп ойлаймын. Себебі, әлем чемпионатынан кейін әлі күрескенім жоқ. Тек жаттығу, жаттығу. Осындай бәсекелестік маған да керек боп тұр. Бұл біздегі шеберліктің, деңгейдің өсуіне септігін тигізеді. 70 келіде чемпион болған соң, 74 келіде жарысқа қатысу үшін мұндай белдесудің болғаны дұрыс.
Чемпион екенмін деп, жүре бермеймін ғой. Маған да қарсылас керек, маған да босаңсып кетпеу керек. Белдесуден қашпаймын. Сондықтан, мұны өте жақсы қабылдадым. Мені бірден тізімге қоспады деген реніш мүлде жоқ. Бапкерлер жақсы шешім қабылдап отыр. Шын мықты осылай анықталады. Кім жеңеді, сол жарысқа барады. Ешкімнің орнын әділетсіз алу мүлде ойымда жоқ», — дейді Қайпанов.
Айта кетелік, Нұрқожа Қайпанов Азия чемпионатына қатысу үшін Әлібек Әбдіқасымовпен белдеседі.
