5 күн бұрын
Азия чемпионаты: Бүгін қазақстандық бес балуан сынға түседі

Фото: Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі
Иордания астанасы Амман қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында бүгін грек-рим күресінен екінші жарыс күнінде бес балуан сайысқа түседі.
Ел құрамасынан Бақытжан Қабдыл (60 келі) жапониялық Каито Инаба, Мейіржан Шермахамбет (67 келі) Оңтүстік Корея балуаны Мин Сун Квон, Әділхан Сатоев (72 келі) қырғызстандық Ырыскелді Хамзаевпен боз кілемге шығады.
Ал Омар Сатаев (82 келі) Оңтүстік Корея спортшысы Босён Кан, Ілияс Гучигов (97 келі) үндістандық Нитешпен шеберлік байқасады.
Айта кетсек, алғашқы жарыс күнінде ел құрамасы қоржынына бір күміс, екі қола медаль түсті. Құрлықтық додада Әлімжан Сыздықов (130 келіден жоғары) күміс жүлдегер атанса, Ибрагим Магомадов (77 келі) пен Шамиль Ожаев (87 келі) үздік үштікті түйіндеді.
Құрлықтық дода 25-30 наурыз аралығында өтеді. Ел құрамасы еркін, грек-рим және әйелдер күресінен сынға түседі.
