3 күн бұрын
Азия чемпионаты: Омар Сатаев финалға жолдама алды

Фото: Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитеті
Иордания астанасы Амман қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында бүгін грек-рим күресінен екінші жарыс күнінде Омар Сатаев (82 келі) финалға шықты.
Қазақстандық балуан жартылай финалда жапониялық Тайзо Ёшидоны апы қалдырды. Белдесу уақытынан ерте аяқталды.
Айта кетсек, бүгінгі жарыс күнінде ел құрамасынан Бақытжан Қабдыл (60 келі), Мейіржан Шермаханбет (67 келі), Әділхан Сатаев (72 келі) және Ілияс Гучигов (97 келі) қарсыластарына есе жіберді.
Енді оларды жеңген алуан финалға жеткен жағдайда олардың жұбаныш белдесуіне қатысып, қола жүлдеге қол созуына мүмкіндігі бар.
Айта кетсек, алғашқы жарыс күнінде ел құрамасы қоржынына бір күміс, екі қола медаль түсті. Құрлықтық додада Әлімжан Сыздықов (130 келіден жоғары) күміс жүлдегер атанса, Ибрагим Магомадов (77 келі) пен Шамиль Ожаев (87 келі) үздік үштікті түйіндеді.
Құрлықтық дода 25-30 наурыз аралығында өтеді. Ел құрамасы еркін, грек-рим және әйелдер күресінен сынға түседі.
