2 күн бұрын
Рахат Қалжан: Бозкілемге жарақатпен шықтым

Фото: Ұлттық олимпиадалық комитет
Иорданияның Амман қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында еркін күрестен қола медаль жеңіп алған қазақстандық балуан Рахат Қалжан өзінің жарақаты мен дода деңгейі туралы ой бөлісті.
— Ирактық балуанға қарсы бозкілемге жарақатым бола тұра шықтым. Жартылай финалда ирандық балуанмен белдесу барысында белімді ауыртып алған едім. Соған қарамастан, бапкердің тактикалық нұсқаулығын орындап, жүлдеге қол жеткіздім. Менің ойымша, Азия чемпионаты жоғары деңгейде өтіп жатыр, – деді Рахат Қалжан.
Сары құрлық бәсекесінде 57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдескен балуанымыз қола медаль үшін өткен кездесуде ирактық Хусейн Альбехадилальборсты 8:6 есебімен жеңіп, жеңіс тұғырынан көрінді.
Айта кетейік, Рахат Қалжан бұған дейін Азия чемпионатында екі жүлде жеңген.. Ол 2022 жылы Моңғолия астанасы Ұлан-Батырда өткен құрлықтық біріншілікте күміс медаль иеленсе, 2023 жылы Астанада қола жүлдені қанжығасына байлаған болатын.
