10.04.2025
Жәмила Бақбергенова әлемдік рейтингте көш басына шықты

Фото: inform.kz
Біріккен күрес әлемі ресми сайтында әйелдер күресінен 72 келі салмақта балуандардың рейтингінде жаңа көшбасшысын анықтады.
Қазірге дейін аталған рейтингте жапониялық 23 жастағы балуан Ами Иши бірінші орында тұрған еді. Ол былтыр Албания астанасы Тирана қаласында өткен әлем чемпионатынан кейін ұзақ уақыт бойы орнын сақтап қалған еді. Ендігі кезекте бұл орынға қазақстандық 29 жастағы спортшы Жәмила Бақбергенова ие болды.
Қазақстан құрамасының көшбасшысы бес айдан астам екінші орында тұрды. Азия чемпионатында төртінші мәрте алтын алғаннан кейін ол жапониялық әріптесін артта қалдырды. Ол бұған дейн де өз салмағында көш басында болған еді.
Отандасымыз қазірге дейін құрлықтық додада алты мәрте жүлдеге ілікті. 2020, 2022, 2023, 2025 жылдарда жеңіс тұғырына көтерілсе, 2021 жылы күміс, 2019 жылы қола жүлдегер атанды.
Спорттық жолында ол 2021, 2022 және 2024 жылдары әлем біріншілігінің күміс жүлдегері болды.
Иордания астанасы Амман қаласында өткен құрлықтық дода нәтижесі бойынша ол өзінің еншісіне 10 мың ұпай қосты.
Ал жапониялық Ами Иши енді рейтингте сегізінші орынға сырғып кетті.
