10.04.2025
Токио Олимпиадасының чемпионы Заурбек Сидаков күтпеген жерден есе жіберді

Братиславада (Словакия) өтіп жатқан күрестен Еуропа чемпионатында даңқты балуан Заурбек Сидаков жеңіліп қалды, деп хабарлайды Sport12.kz
Еркін күрестен 74 келіде сынға түскен Сидаков финалда өзінің отандасы, қазір Албания атынан күресіп жүрген Чермен Валиевке жол берді. Есеп — 4:2.
Осылайша, 2018 жылдан бері бір-ақ рет ұтылған Заурбектің еншісіне тағы бір жеңіліс жазылды.
Айта кетелік, Сидаков еркін күрестегі ең беделді салмақ саналатын 74 келіде үш дүркін әлем чемпионы, Токио Олимпиадасының жеңімпазы атанған.
Ал Чермен Валиев бұған дейін Заурбек Сидаковтан төрт рет жеңіліп, бесінші белдесуде есе қайтарды. Валиев Париж Олимпиадасының қола жүлдегері.
Бір қызығы, Валиев те, Сидаков та Солтүстік Осетияда дүниеге келген. Чермен 2024 жылы Албания азаматтығын алды.
