21.04.2025
Ақжол Махмұдов: Спорт жанкештілікті қажет етеді

Фото: vesti.kg
Грек-рим күресінен Олимпиаданың қос дүркін жүлдегері, екі мәрте Әлем чемпионы Ақжол Махмұдов Сыр өңіріне келді. Облыс орталығында өткен Тәйімбет Көмекбаев атындағы турнирге арнайы қонақ болған саңлақты сұхбатқа шақырып, әлемде күрес спортының дамуы жөнінде ой бөліскен едік.
– Кейінгі жылдары бауырлас қырғыз елінде балуандық өнердің кеңінен қанат жайып келе жатқанын байқау қиын емес. Олимпиада және Әлем чемпионатында жеңіс тұғырынан көрінген спортшылар бар. Күрестің осылайша қарқынды дамуына қандай жағдайлар әсер етті?
– Қазақ халқы секілді біз де балуандыққа бейім болып келеміз. Сан алуан сайыстан бөлек ірі жиын-тойларда арнайы жарыстар өткізіліп тұрады. Осындай себептермен күреске қызығушылық білдірген жастардың қатары жылдан-жылға көбейіп келеді. Солардың бірі ретінде өзімді айта аламын. Аға буынға еліктеп өстік. Олардың тәжірибесін үйренуге тырыстық. Шеберлігімізді шыңдадық. Өз еліңнің атынан шыққанан кейін намыстың туын төмен түсірмеуге тырысамыз. Қай кезде де есімізден елдің сенімі, үміті мен аманаты шықпайды. Сондықтан бозкілем үстіндегі белдесу барысында күш-жігерімізді аянып қалмаймыз. Спорт жанкештілікті қажет етеді. Әр жетістікке маңдай терді төгу арқылы жетуге болады. Ешқандай еңбексіз шыңды бағындыру мүмкін емес.
Қырғызстанда мемлекеттік деңгейде күрес түрлерін дамытуға көңіл бөлінген. Оған қаржылай көмек жасалады. Балуандар үнемі дайындық барысына назар аударып, әрбір уақытын тиімді пайдалануға мән береді. Бұл біз үшін жазылмас қағидаға айналған. Сондай-ақ бізде білікті бапкерлер саны жылдан-жылға артып келеді. Келешекте де көпшілікті толайым табыстармен қуанта аламыз деген ойдамыз.
– Биыл күрес түрлерінен Азия чемпионатында қырғызстандық спортшылар үздік алтылықтан көрінді. Оны жоғары жетістік ретінде бағалауға бола ма?
– Рас, құрлықтық додадан қоржынымыз бос қайтқан жоқ. Оған шүкірлік етуге болады. Десе де жарыстың алдында бапкерлер алдымызға үлкен мақсаттар қойған еді. Оны орындай алған жоқпыз. Ендігі кезекте сол қателіктерге жол бермеуге тырысамыз.
– Жарыс барысында қазақстандық балуандармен жолың жиі тоғысып жатады. Олардың шеберлігін, тәжірибесін қалай бағалайсың? Кімдерді ерекшелеп айтуға болады?
– Біз жарыс барысында бір-бірімізге қарсыласпыз. Ал өмірде достық қарым-қатынас үзілген емес. Қазақстандық балуандардың да шеберлігін жоғары деп айта аламын. Әлемдік деңгейдегі бәсекелерде үздіктер қатарынан көрініп жүрген жігіттер аз емес. Мәселен, жерлестеріңіз Айдос Сұлтанғали талай жарыста топтың алдында болды. Қазір бәрін тізіп айтып шығу мүмкін емес шығар. Мен олардың қабілет-қарымын өте жоғары деп бағалай аламын. Кейде жеңіспен бірге сәтсіздік те қатар жүреді. Балуандар кейбір жарыста қарсыласына есе жіберсе, ендігі бірінде чемпиондық атаққа қол жеткізеді. Қашанда біз үшін жанкүйердің қолдауы ерекше. Ол бізді жігерлендіреді. Жетістікке жетелей түседі.
Жалпы, әлемде күрес түрлері жоғары бағаланады. Алдыңғы қатарда көрініп жүрген мемлекеттер баршылық. Азия құрлығында Иран, Жапония балуандары үздік үштіктен төмен түсіп көрген емес. Сондай-ақ Өзбекстан, Қазақстан спортшылары да жиі жеңімпаз тұғырынан көрініп келеді.
– Әңгімеңе рақмет.
