3 сағат бұрын
Әзербайжан боксшылары Әлем кубогіне қатысу үшін Астанаға келді

Фото: Қазақстан бокс федерациясы
World Boxing ұйымдастыруымен Астанадағы Әлем кубогіне қатысатын командалар елордаға жиналып жатыр. Аталған байрақты бәсекеде Әзербайжан ұлттық құрамасы да бақ сынайды, деп хабарлайды Sport12.kz.
Қазақстан бокс федерациясының хабарлауынша, Әзербайжан сапында бірқатар танымал спортшылар бар.
Олар: U23 санатында 48 келіде Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері Турал Сариев, екі дүркін Еуропа чемпионы, әлем чемпионатының қола жүлдегері Ниджат Гусейнов бар.
Сонымен қатар, әйелдер құрамасы да осал емес. Әлем чемпионатының қола жүлдегері Марджона Савриева, халықаралық турнирлердің жүлдегерлері Зейнеп Рахимова мен Айнур Микаилова да жарысқа қатысады.
Айта кетейік, Астанада АҚШ, Канада, Франция, Әзербайжан, Финляндия, Швеция, Сербия тағы басқа мемлекеттің боксшылары 29 маусымға дейін соңғы оқу-жаттығу жиынын өткізеді.
Дүбірлі дода 30 маусым мен 6 шілде аралығында бас қаладағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтеді.
