12.12.2024
«Астана» «Челси» жастарынан жеңіліп қалды
УЕФА Конференция лигасы жалпы кезеңінің бесінші турында қазақстандық «Астана» Алматыда Англияның «Челси» командасын қабылдады.
Англиялық клуб бұл ойынға негізінен жастар құрамын алып келді. Соған қарамастан лондондық футболшылар алғашқы минуттан елордалық команда қақпасы маңында жиі бой көрсетті.
Небәрі он тоғыз жастағы шабуылшы Марк Гиу қазақстандық команданың қорғаныс шебін біраз әуреге салды. Ойынның 14-минутында оң қанаттан елордалық футболшыларды алдап өтіп, Мұхаммеджан Сейсен қорғаған қақпадан саңлыау тауып кетті.
«Челси» командасы бұл голдан кейін де басылған жоқ. Шабуылды үдете түсті. Сондай сәттерді бірінде Марк Гиу 19-минутта тағы бір мәрте мергендігімен көзге түсті.
Ал Ренату Вейга 40-минутта «Челсидің» басымдығын арттыра түссе, оған «Астананың» жартылай қорғаушысы Марин Томасов 45-минутта бір голмен жауап қайырды.
Осылайша елордалық клуб қарсыласына 1:3 есебімен есе жіберді.
Біздің серіктес: 200 000 фрибетті ұтысқа саламыз – арнаға жазыл және батырманы бас
Әділжан Үмбет