13 сағат бұрын
Абай облысының жас боксшыларына қолдау көрсетілді

Бүгін, 27 сәуір күні Абай облысы атынан «Жастар ойындары» турнирінде жүлдеге іліккен боксшылар мен бапкерлері марапатталды, деп хабарлайды Sport12.kz
Абай облысы бокс федерациясының басшысы Мақат Төрәлі, белгілі бапкер Мұхит Амантаевтың қатысуымен Астана қаласындағы Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешеніне семейлік жас спортшылар арнайы шақырылып, қаржылай сертификаттар берілді.
«Кеше ғана Қызылорда қаласында мәресіне жеткен «Жастар ойындары» жарысында Ақнұр Тұрсынғали мен Жанель Имантаева жүлделі орындарға ие болды. Осының арқасында олар Шри-Ланкада ұйымдастырылатын 22 жасқа дейінгі Азия чемпионатына баруға мүмкіндіктерін алды. Бұдан бөлек, ересектер арасында 4 боксшымыз ұлттық құрамаға енген. Оның арасынан 71 келңдегі Ерасыл Жақпековті ерекше айтуға болады. Себебі, ол 22 жасқа дейінгі Азия чемпионатында топ жарды. Сондай-ақ, 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасына баруы мүмкін спортшылардың қатарына кіреді. Ернар Қарап (48 келі) мен Руслан Күзеубаев (60 келі) та түрлі турнирлерде жүлделі орындарға ие болып жүр. Ал 2024 жылғы Қазақстан чемпионатында 57 келідегі Дәулет Молдашев топ жарды. Енді алдағы уақытта Абай облысының боксшыларының дамуына күш салып, көк туымызды желбіретуімізге бар күшімізді саламыз. Бізге барлық мүмкіндіктер жасалған», - деп Абай облысы бокс федерациясынвң атқарушы директоры Ілияс Жасназарұлы өз пікрін білдірді.
Шара барысында 100 мың теңге сыйақы алған жас боксшы Ақнұр Тұрсынғали да өз әсерімен бөлісті.
«Қызылорда қаласында өткен «Жастар ойындары» бәсекесінде күміс жүлдеге ие болдым. Барлығы бапкерімнің арқасы деп білемін. Бүгін Астанаға қаласына арнайы келіп, Бекзат Саттарханов атындағы заманауи спорт кешенін өз көзіммен көрдім. Арнайы күтіп алған Семей бокс федерациясының президенті Мақат Төрәліге алғысым шексіз. Бұйырса, 10-22 мамыр аралығында Шри-Ланка астанасы Коломбода өтетін 22 жасқа дейінгі Азия чемпионатында барымызды салып, бізге артылған сенімді ақтауға тырысамыз», - деді Ақнұр Тұрсынғали.
Айта кетейік, Абай облысының әуесқой бокс федерациясының президенті Мақат Төрәлі 18 сәуір күні ғана өз қызметіне кіріскен болатын.
