4 сағат бұрын
Футболдан Франция құрамасы Ұлттар лигасында қола жүлдегер атанды

Бүгін футболдан UEFA Ұлттар лигасында Франция құрамасы қола жүлдегер атанды.
Килиан Мбаппе бастаған франциялық футболшылар 3-орын үшін Германиямен шеберлік байқасты.
Ойын басында германиялық құраманың басымдығы байқалып тұрды. Олардың тарапынан гол соғатын көптеген мүмкіндік болды. Десе де оны тиімді пайдалана алған жоқ. Есесіне франциялық футболшылар қарымта шабуыл ұйымдастырды. Осындай сәттердің бірінде Килиан Мбаппе 45-минутта көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.
Екінші кезеңде германиялық футболшылар таразы басын теңестіруге ұмтылды. Соған қарамастан дегеніне жетпей жатты. Ойынның 84-минутта Килиан Мбаппе шығарған пасты әріптесі Майкл Олисе қақпаға енгізді.
Ұлттар лигасы 2018 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Қазірге дейін Португалия, Франция, Испания құрамалары чемпион атанды.
Айта кетсек, Қазақстан құрамасы 2024 жылы Ұлттар лигасында В дивизионында үшінші топта Норвегия, Словения, Аустриямен бақ сынап, төртінші орынды місе тұтты. Салдарынан қайтадан С дивизионына түсіп қалды.
Енді Германияның Мюнхен қаласындағы «Мюнхен-Арена» стадионында қазақстандық уақытпен 23:50-де Португалия мен Испания жасыл алаңға шығады. Ойын «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
