7 сағат бұрын
Астанада өтетін Әлем кубогында 30 мемлекеттің боксшылары бақ сынайды

Коллаж: Қазақстан бокс федерациясы
Астанада өтетін бокстан Әлем кубогында 30 мемлекеттің боксшылар бақ сынайды, деп хабарлайды Sport12.kz.
Бұл жөнінде Қазақстан бокс федерациясы мәлім етті.
Әлем кубогына 30 елден 300-ге жуық боксшы қатысады. Бұл - Олимпиадалық WORLD BOXING ұйымының Қазақстандағы алғашқы жарысы болып отыр. Әлем кубогы жыл бойына бірнеше кезеңмен өткізіледі. Рейтингілік сайыста әр салмақ дәрежесінде жеңімпазға 300, екінші орынға 200, қос қола жүлдегерге 150 ұпайдан беріледі.
Дүбірлі дода 30 маусым-6 шілде аралығында елордадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтеді. Онда ерлер және әйелдер құрамалары жүлделерді сарапқа салады.
World Boxing турнирі үш кезеңнен тұрады. Сәуір айында Бразилияның Фос-ду-Игуасу қаласында өткен бокстан әлем кубогында Дәулет Төлемісов (85 келі), Нұрсұлтан Алтынбек (55 келі), Жазира Орақбаева (51 келі) чемпион атанды.
Ал Ұлжан Сәрсенбек (57 келі), Диас Молжігітов (75 келі), Даниял Сапарбай (90 келіден жоғары) қола жүлдеге қол созды.
Үшінші кезең 21-27 шілде аралығында өтеді. Әзірге оның қайда өтетіні белгілі болған жоқ.
