7 сағат бұрын
Клубтар арасындағы ӘЧ: «Аль Хиляль» «Манчестер Ситиді» жеңіп кетті

Фото. championat.com
Клубтар арасындағы әлем чемпионатында ширек финалға жолдама алған тағы екі команда белгілі болды, деп хабарлайды Sport12.kz.
Жарыстың 1/8 финалында Англияның «Манчестер Сити» командасы Сауд Арабиясының «Аль Хиляль» клубымен кездесті.
Жанкүйерлер аталған матчта жеңіске англиялық клуб жетеді деп алдын ала болжам жасаған еді. Соған қарамастан арабиялық команда лайықты қарсылық көрсетті. Тәжірибелі қарсыласын қапы қалдырып, ширек финалға берілген жолдамаға ие болды.
Кездесу барысында «Манчестер Сити» сапынан Бернарду Силва 9, Эрлинг Холанд 55, Фил Фоден 104-минутта мергендік танытса, «Аль Хиляль» қатарынан Маркос Леонардо 46, 112, Малком 52, Калиду Кулибали 94-минутта гол соқты.
Осылайша «Манчестер сити» қарсыласынан 3:4 есебімен жеңіліп, жарыс жолынан шығып қалды.
Ал Италияның «Интері» Бразилияның «Флуминенсе» клубына 0:2 есебімен жол берді. Бұл кездесуде бразилиялық клубтан Херман Кано 3, Эркулес Перейра ду Насименту 90-минутта көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.
Енді 1/8 финалда 1 шілдеден 2-не қараған түні «Реал Мадрид» (Испания) пен «Ювентус» (Италия), «Боруссия Дортмунд» (Германия) пен «Монтеррей» (Мексика) шеберлік байқасады.
Еске салсақ, қазірге дейін ¼ финалға «Палмейрас» (Бразилия), «Челси» (Англия), «Бавария» (Германия), «Пари Сен-Жермен» (Франция) командалары жолдама алды.
