02.11.2025
«Қайсар» Премьер-лигада өз әлеуетіне сай ойнап берді – Виктор Кумыков
Фото: «Қайсар» футбол клубы
«Қайсар» футбол клубының бас бапкері Виктор Қумыков KFF League сайтына берген сұхбатында 2005 жылғы маусымды қорытындылады, деп хабарлайды Sport12.kz.
Жылдың үздіктері кім екенін айтып және алдағы маусымға жоспарын жеткізді.
– «Қайсар» Премьер-лигада 11-орынға тұрақтады. Биылғы жоспар орындалды ма?
– «Қайсар» өз әлеуетіне сай өнер көрсетті деп есептеймін. Әрине, одан да жақсы нәтиже көрсетуге болар еді – үздік ондыққа кіруіміз мүмкін еді. Бірақ бізге қойылған басты міндет – Премьер-лигада қалу болды, оны орындадық. Сондықтан маусым нәтижесін қанағаттанарлық деп бағалаймын. Жыл бойы кездескен қиындықтарды ескерсек, көрсеткен нәтижеміз жаман емес. Объективті түрде қарасақ, одан жоғарыға таласу өте қиын еді.
– Қай мақсат жүзеге аспады?
– Бұл – жұмыс процесі. Әр нәрсені ойлағандай жүзеге асыру мүмкін бола бермейді. Мәселен, жазда белгілі футболшыларды алуды жоспарладық – бірақ оларды қатарға қоса алмадық. Тәжірибелі ойыншылар шақыруды көздедік, алайда жас аяқдопшылармен жұмыс істеуге тура келді. Олармен көп еңбектену қажет болды.
Бұдан өзге маусым барысында елеулі мәселе болған жоқ.
– Командадан кім ерекше көзге түсті? Кім қуантты, бәлкім, көңіліңізден шықпағаны да бар болар?
– Жетістігі айқын ойыншылар қатарынан жас Темірлан Мырзағалиев пен Никита Губаревті атар едім. Маусым соңында Димаш Серікұлы қатты өсті – негізгі құрамға шығып, гол да соқты. Бұл жігіттердің әлеуеті зор, болашағынан үлкен үміт күтемін. Қызылордалықтар жастар құрамасына да, ұлттық құрамаға да үміткер ойыншылар шығарып отыр.
Тәжірибелі футболшылар да өз деңгейінде ойнады, көңілден шықты. Дидар Жалмұқан мен Думан Нәрзілдаевтың жарақаттары әсер етті. Олар болғанда, мүмкін, турнир кестесінде жоғарырақ болар едік.
Қатты көңіл қалдырған ешкім жоқ. Ондай жағдай болса, сол футболшымен қоштасатын едік.
– Маусымдағы «Қайсардың» үздік футболшысы кім болды деп санайсыз?
– Бұл сұраққа жауап бергім келмейді. Оны басқалар бағамдасын. Менің пікірім таңдауға әсер етуі мүмкін. Команданы жеке-жеке бөліп қарағанды ұнатпаймын. Маңыздысы – мықты ұжым болу. Ал кім үздік – ол соншалық маңызды емес.
– Ал жалпы ҚПЛ-2025 бойынша үздіктер тізімі қандай?
– Үздік бапкер – сөзсіз «Қайратты» жаттықтырған Рафаэль Уразбахтин. Ол командасымен чемпиондықты қорғап, Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне алып шықты. Басқа мамандар мұндай нәтижеге жақындаған да жоқ.
Ойыншылар бойынша бірнеше кандидат бар: «Қайрат» қақпашысы Александр Заруцкий, «Астананың» сұрмергені Назми Грипши, «Тобылдан» шабуылшысы Ислам Чесноков. Маусымның екінші жартысында Дастан Сәтпаев өз деңгейін көрсетті. Олардың бәрі үздік атағына лайық.
– Алдағы жоспарыңыз қандай? Болашағыңыз «Қайсармен» байланысты ма? Бұл сұрақ жанкүйерлерге қатты қызық.
– Қызылордалық клубпен келісімшартым 31 қазанда аяқталды. 1 қарашадан бастап футболшылар айтқандай, мен еркін агентпін. Қазір клубтан келісімді ұзарту туралы ұсыныс түскен жоқ. Бірақ жақын күндері клуб басшылығымен және облыстық спорт басқармасымен кездесіп, болашақ жоспарды талқылаймыз деп келістік.
Жасырмаймын, басқа командалардан да ұсыныстар бар – Қазақстаннан да, Өзбекстаннан да. Бірақ бірінші орында – «Қайсар». Дегенмен бәрі жаңа басшылықтың шешіміне байланысты.
Біздің серіктес: 200 000 фрибетті ұтысқа саламыз – арнаға жазыл және батырманы бас