7 күн бұрын
«Оқжетпес» қытайлық компанияға өтеді - Команда басшылығы мәлімдеме жасады
Фото: Prosports.kz.
Әлеуметтік желі беттерінде көкшетаулық «Оқжетпес» футбол клубын қытайлық инвесторлар сатып алуға ықылас білдіріп отырғаны жазылған еді. Оған қатысты клуб басшылығы ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Sport12.kz.
Бұл жөнінде команданың әлеуметтік парақшасында жазылды.
- Әлеуметтік желілер мен жекелеген интернет-ресурстарда «Оқжетпес» футбол клубын шетелдік (қытайлық) компанияға сату жөнінде келіссөздер жүргізіліп жатыр деген ақпараттың таралуына байланысты ресми түрде хабарлаймыз. Аталған ақпарат шындыққа жанаспайды. «Оқжетпес» футбол клубы – Ақмола облысы әкімдігінің қарамағындағы мемлекеттік актив болып табылады. Мемлекеттік активтерді шетелдік инвесторларға беру, сату немесе өзге де тәсілмен иеліктен шығару Қазақстан Республикасының уәкілетті мемлекеттік органдарының тиісті шешімдері мен келісімінсіз мүмкін емес, - деп жазылған хабарламада.
Команда басшылығының айтуынша, Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңы мен 2018 жылғы 9 шілдедегі №437 Үкімет қаулысына сәйкес, мұндай нысандар ерекше бақылауда болады және белгіленген жекешелендіру тәртібінсіз иеліктен шығарылмайды.
- Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының «Инвестициялар туралы» Заңының нормаларына сәйкес, шетелдік инвесторлардың стратегиялық және мемлекеттік активтерге қатысуы Үкімет пен уәкілетті органдардың жеке шешімдері арқылы реттеледі. Қазіргі таңда клубтың қолданыстағы демеушілері мен ресми серіктестері бар, олармен ұзақ мерзімді әріптестік келісімдер жасалған.
Клуб Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы аясында өз әріптестік қатынастарын дамытып, спорттық және қаржылық тұрақтылығын нығайтуға бағытталған жұмыстарын жалғастыруда. Бұқаралық ақпарат құралдарын және әлеуметтік желі пайдаланушыларын тексерілмеген, жалған ақпарат таратудан бас тартуға шақырамыз, - деп толықтырды команда басшылығы.
Біздің серіктес: 200 000 фрибетті ұтысқа саламыз – арнаға жазыл және батырманы бас