3 сағат бұрын
Луис Энрике: нағыз командалық рухты паш еттік

Футболдан УЕФА Чемпиондар лигасының 2024/2025 маусымындағы жартылай финалдың алғашқы матчында «Пари Сен-Жермен» лондондық «Арсеналды» сырт алаңда 1:0 есебімен жеңіп, маңызды нәтижеге қол жеткізді, деп хабарлайды Sport12.kz
Ойыннан кейін париждік клубтың бас бапкері Луис Энрике өз пікірін білдірді:
– Мұндай деңгейдегі матчтарда эмоция тым жоғары болады. Сол себепті нақты талдау жасау қиын. Атмосфера тамаша болды. Біз қандай команда екенімізді көрсете алдық. Нағыз командалық рухты паш еттік. Осындай ынтымақты «ПСЖ»-да көру – мен үшін үлкен қуаныш, – деді Энрике BBC тілшілеріне.
Испаниялық маман ПСЖ-ның өз стилінде ойнауға тырысқанын және алғашқы минуттарда соғылған гол командаға сенімділік бергенін атап өтті:
– Біз өз стилімізде ойнауға тырыстық және кездесудің басында маңызды гол соқтық. Бұл ойыншыларға сенімділік берді. Кей сәттерде қиын болды, бірақ екінші голды да соғуға жақын болдық.
Айта кетейік, қарымта матч 7 мамыр күні Парижде өтеді.
