16 сағат бұрын
Елдос Сметовтың татамиге қашан оралатыны белгілі болды

Халықаралық Олимпиада комитетінің ресми сайтында Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов туралы мақала жарияланды, деп хабарлайды Sport12.kz.
Мақалада Олимпиададан кейін Сметовтің батыл қадам жасап, Қазақстаннан кетіп, ағылшын тілін үйрену үшін Ұлыбританияға барғаны жазылған.
«Олимпиада чемпионы атанған соң, кенеттен барлық журналистер мен БАҚ өкілдері тек ағылшын тілінде сөйлей бастады», — дейді Сметов. — «Бұрын мен тек “Сәлем, қалайсың?” дей алатынмын. Енді “Мен Олимпиада чемпионымын” деп айта аламын», — деп күлді ол.
Лондонда өткізген уақыты Елдосқа денсаулығын қалпына келтіруге де көмектескен. Ол ең жеңіл салмақта үш бірдей Олимпиада циклынан өткенін айтып, бұл кезеңді «қалпына келу уақыты» деп сипаттаған.
Париждегі жеңістен кейін татамиге шықпаған Сметов келесі жылы жарыстарға қайта қатысуы мүмкін екенін жасырмады.
«Менде Олимпиада чемпионы екенімді білдіретін алтын жамау бар (дзюдода мұндай белгі тек Олимпиада жеңімпаздарына беріледі). Бірақ мен әлі оны киіп, жарысқа қатысқан жоқпын. Мен сонымен татамиге шыққым келеді», — деді Сметов.
