7 сағат бұрын
Шавкат Рахмонов: Базарда арба сүйрегеніме ұялмаймын

Қазақстандық файтер Шавкат Рахмонов Қарағанды қаласының базарындағы жұмысы жайлы ойымен бөлісті, деп хабарлайды Sport12.kz сайты ULYSMEDIA арнасына сілтеме жасап.
«2009-2011 жылдары аралығында Қарағандының базарында арба сүйреп, табыс тапқаным рас. Бұдан еш ұялмаймын. Бастысы біреудің затын ұрлап, тартып алған жоқпын. Еңбекпен, маңдай теріммен ақша таптым. Ақша оңай келмейді. Қандай жұмыс істесем де, өзгелердің ақысын жемей, таза табуға тырысамын. Алдап кету, ақшаны қайтармай қою және т.б адамдардың іс-әрекеттерін түсінбеймін», – деді Шавкат.
Сондай-ақ ол әлеуметтік желіде көпшіліктің Шавкаттың "аш" еместігіне қатысты жазбаларына да тоқталды:
«Әрнерсенің байыбына бармай, қалай жазады екен? Бәлкім, бұл надандық шығар. "Аш" болмасам, бұл спортта жүрмес едім. Иә, менің де көздеген мақсатым бар. Чемпиондық титулды және ақша табуды көздеймін. Егер бай болсам, бұл спортқа келмес едім. Тып-тыныш кәсібіммен айналасар едім. Төбелес оңай емес. Көп тер төгу керексің. Әлеуметтік желіде пікір жазғандардың бірі менің жолыммен жүріп көрсің. Қаншама жарақаттарым бар. Бәлкім, олар әлдеқашан спортты тастап та кетер ме еді».
Айта кетейік, Шавкат Рахмонов 2024 жылдың 7 желтоқсанынан кейін әлі жекпе-жек өткізбеді.
