6 сағат бұрын
Сейілхан Болатбек - XII Дүниежүзілік ойындарының қола жүлдегері

Қытайдың Чэнду қаласында өтіп жатқан XII Дүниежүзілік ойындарында джиу-джитсудан не-ваза бөлімі бойынша 77 келідегі Сейілхан Болатбек өз мансабында алғаш рет қола медаль жеңіп алды.
Отандасымыз жүлделі орын үшін таласта Канада өкілі Майкл Шиханмен жолығып, 2:0 есебімен басым түсті.
Одан бөлек, 69 келідегі Нұржан Батырбеков 3-орын үшін өткен кездесуде Оңтүстік Корея спортшысы Сеонг Хион Жуға есе жіберіп, жүлдеге бір қадам жетпей қалған еді.
Осылайша, отандастарымыз үшін джиу-джитсудан XII Дүниежүзілік ойындары аяқталды. Кеше джиу-джитсудан файтинг бөлімі бойынша 69 келіде Жәнібек Әбу-Бәкір чемпион атанса, 77 келідегі Нұрсұлтан Дүйсенқұлов күміс жүлде және 62 келіде Аслан Қанатбек қола жүлдені иемденген болатын.
17 тамызға дейін жалғасатын төрт жылдықтың басты бәсекесінде спортшыларымыз енді спорттық және жауынгерлік, спорттық құзға өрмелеуден сынға түседі.
