6 сағат бұрын
Есбол Сұлтанов: таеквондодан жаттығу жүйесін толықтай өзгерттік
Спортты дамыту дирекциясы
24-30 қазан күндері аралығында Қытайдың Уси қаласында таеквондодан әлем чемпионаты өтіп, Қазақстан ұлттық құрамасы 2 қола жүлдемен оралды. Осы орайда 2025 жылдың басында бас бапкер атанған Есбол Сұлтанов жарысты қорытындылады, деп хабарлайды Sport12.kz
2025 жылы бірқатар жарыстарда шәкірттеріңіз орын алса да, әлем чемпионатының орны бөлек қой. Оның үстіне 2019 жылдан бері жүлде болмағанын ескерсек, қандай да бір қысым сезілді ме? Димаш Құдайбергенді шақыру идеясы қайдан туындады?
⁃ Әрине, әлем чемпионатының деңгейі жоғары. Біріншіден, жарысқа 179 мемлекет және босқындар құрамасы, бейтарап спортшылар, Халықаралық таеквондо федерациясы командасынан жалпы 1000-ға жуық спортшы қатысты. Бұл жаһандық додадағы жаңа рекорд. 2025 жылы өткен әлем чемпионаттарының қатысушы мемлекеттердің санына көз жүгіртсеңіз, таеквондодан тек жеңіл атлетика (198 ел) ғана озып тұрғанын байқайсыз. Екіншіден, біз кейінгі екі әлем чемпионатынан құр қайттық. Осы жолы 2 қола жүлдені еншілеп, жалпы есепте ТОП-20 елдің қатарына кірдік. Бастапқыға жақсы нәтиже. Ал Димаш Құдайберген мен Қазақстан Олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин бәсекенің бірінші күнінде келіп, жерлестерімізді рухтандырды. Дәл сол күні Нодира Ахмедова да қола жүлдегер атанып, жақсы атмосфера қалыптастырды. Жалпы Димашты Халықаралық таеквондо федерациясы арнайы қонақ ретінде шақырды. Қазақстан үшін де үлкен мәртебе деп санаймын.
Жаһандық доданың алдында жүлдеге үміткерлер ретінде Самирхон Абабакиров, Батырхан Төлеуғали, Бейбарыс Қаблан, Темірлан Тілеулес, Мария Севостьянова, Нодира Ахмедова және Азиза Қаражанова аталып еді. Сіз үшін фавориттердің орын алмағаны қынжылтты ма? Оның үстіне Самирхон Тунис спортшысын бұған дейін жазғы Универсиадада жеңген еді.
⁃ Жоғарыдағы тізімнен тек Нодира Ахмедова ғана қола жүлдеге жете алды. Самирхон Абабакиров (58 келі), Бейбарыс Қаблан (+87 келі) ширек финалға дейін жетті. Отандастарымыз жүлде тұғырына шықпаса да, жақсы өнер көрсете білді. Мысалы, Бейбарыс Қаблан 2022 жылғы әлем чемпионы Карлос Сансорес (Мексика) мен әлем чемпионатының қола жүлдегері Пашко Божичті (Хорватия) қапы қалдырды. Дамир Шуленов (68 келі) те ширек финалда болашақ әлем чемпионы Банлунг Тубтимдангтан (Таиланд) 1 ғана ұпаймен есе жіберді. Әсіресе бірінші нөмір болған Самирхон ширек финалда бітіспес қарсыласы Мохамед Халил Джендубиге (Туни) есе жіберді. 2025 жылы Жазғы Универсиаадада Самирхон басым түссе, Астанадағы Kazakhstan Open турнирінің финалында Тунис өкілі жеңісті тойлаған. Әлем чемпионатында Самирхонға тәжірибе жағынан жетпей қалды. Мохамед Халил Джендубидің өзі де Токио мен Париж Олимпиадасының жүлдегері екендігін естен шығармайық.
Кейінгі 3 әлем чемпионатына көз жүгіртсек, 8 спортшымыз ширек финалға жетіп, 1 қола жүлде бұйырған екен. Енді сіз қызметке кіріскен 10 айдың ішінде 4 ширек финалист және 2 қола жүлдегерді шығардыңыз. Бұның сыры неде? Неше спортшымыз дебют жасады?
⁃ Біз толықтай жаттығу жүйесін өзгерттік. Спортшылармен психологиялық тұрғыдан жұмыс істедік, режимдерін қалыпқа келтірдік. Әрқайсысына көңіл бөліп, назарда ұстап отырмыз.
Қытай төрінде 4 спортшымыз болашақ әлем чемпиондарына есе жіберді. Кей отандастарымыз Олимпиада чемпионымен жолы түйісіп қалды. Осы орайда ұлттық құраманың әлі қандай кемшіл тұсы бар екендігін байқадыңыз?
⁃ Спортта нәтиже бірден бола қоймайды. Жеміс ағашы секілді күтім керек. Бағдарлама дұрыс жасалып, жұмыс жүргізілсе, уақыт өте келе жемісін береді. Әлем чемпионатында спортшыларымыз орта деңгейлі қарсыластарды жеңді. Өкінішке қарай, ТОП-5, Олимпиада чемпионымен шыққан сәтте жеңіс қарсыластың жағына кетіп жатты. Бұның барлығы әлі де отандастарымыздың деңгейін жоғарлату қажеттігін көрсетеді. Басты артықшылығымыз - спортшылар жас. Қарқындарын тез арттырып жатыр. Осындай тәжірибе арқылы тағы да өсеміз деген сенімдемін. Қатысушылардың арасынан Бейбарыс Қаблан (58 келі) жеребесі ауыр түссе де, бізді таңғалдырды.
Қытай төрінде өзіңіз тізгіндеген Тунис құрамасы өз тарихында алғаш рет әлем чемпиондарын шығарды. Жарыс барысында қарым-қатынастарыңыз қалай болды? Бір-бірлеріңізді құттықтаған шығарсыздар?
⁃ Тунис құрамасы маған жат емес. Париж Олимпиадасына дайындаған қос шәкіртім алтыннан алқа тақты. Жақсы араласамыз. Оқу-жаттығу жиынында көрісіп, шамам келгенше, көмектесемін. Олар да мені ұмытпай, жеңіске жеткен сәтте мен қоцып кеткен бағдарламаның арқасында чемпион болғандарын жасырмады. Енді биік жетістіктер қазақ спортшыларына да бұйырсын!
2024 жылдың соңында Қазақстан таеквондо федерациясы жаңа президент сайлап, үлкен өзгерістер жасады. Енді 2027 жылы тұңғыш рет әлем чемпионатын қабылдағалы жатырсыздар. Осындай қадамға бару жайлы қашан белгілі болды?
⁃ Париж Олимпиадасынан кейін Қазақстанның таеквондо федерациясы түбегейлі өзгерді. Өз ісінің нағыз шеберлері келіп, Халықаралық таеквондо федерациясымен байланысымыз жақсарды. Тамызда Астанада өткен Kazakhstan Open халықаралық турнирінің жоғары деңгейде ұйымдастырылуының арқасында бізге сенім артты. Қытайдағы әлем чемпионатының барысында 2027 жылғы жарысты қабылдайтын ел анықталып, бірнеше мемлекет үміткер атанды. Қазақстан солардың ішінен өзін іс жүзінде көрсете алды. Жаһандық доданың тарихында еліміз 10 қола медаль жеңіп алса, енді 2027 жылы Қазақстан төрінде таеквондодан тарихи алтын аламыз деген сенімдеміз.
Біздің серіктес: 200 000 фрибетті ұтысқа саламыз – арнаға жазыл және батырманы бас
Қанат Байұзақов