11 сағат бұрын
Шахматтан Қазақстанның әйелдер командасы әлем чемпионатын жеңіспен бастады
Испанияның Линарес қаласында шахматтан әйелдер арасындағы командалық әлем чемпионаты басталды, деп хабарлайды Sport12.kz
Кешегі 2 турдан кейін Қазақстан құрамасы А тобында 3-орынға тұрақтады. Алғашқы ойында біздің ойыншылар FIDE Team-ға есе жіберіп, кейін Әзірбайжаннан басым түсті.
Бүгін үшінші және төртінші тур өтеді. Қазақстанның қарсыласы - Перу мен Испания.
Айта кетейік, әйелдер арасындағы 10-шы командалық әлем чемпионатына (18-23 қараша) 12 үздік ел қатысып жатыр. Олар екі топқа бөлінген.
A тобы: FIDE Team, АҚШ, Қазақстан, Әзірбайжан, Испания, Перу.
B тобы: Қытай, Грузия, Украина, Франция, Өзбекстан, Үндістан.
Мұнда уақыт есептеу FIDE «жылдам классика» атап жүрген 45+30 бойынша өтеді (партияға берілген 45 минутқа әр жүрістен кейін 30 секунд қосылып отырады). Топтық кезеңде әр себеттен үздік 4 командадан анықталады. Ал 2-сатыдағы матчтар нокаут-жүйесіне ауысады (жеңілген құрама жарысты аяқтайды).
Еске сала кетейік, Қазақстан құрамасы - 2023 жылғы әлем чемпионатының және 2024 жылғы шахмат Олимпиадасының күміс жүлдегері. Қазір Ұлттық құрама 2382 орташа рейтингпен 6-орында тұр. Испаниядағы бәсекеде команда құрамы: Бибісара Асаубаева, Ксения Балабаева, Меруерт Камалиденова, Зарина Нұрғалиева, Лия Құрманғалиева, Елназ Қалиахмет.
Біздің серіктес: 200 000 фрибетті ұтысқа саламыз – арнаға жазыл және батырманы бас
Қанат Байұзақов