6 сағат бұрын
2025 жылғы «Ролан Гаррос» финалында тарихи жайт тіркелді

Фото: Sandra Ruhaut / Icon Sport via Getty Images
Франция астанасы Парижде өткен 2025 жылғы «Ролан Гаррос» турнирінде испаниялық Карлос Алькарас чемпион атанды, деп хабарлайды Sport12.kz.
Әлемнің екінші ракеткасы финалда рейтингтің бірінші сатысында тұрған италиялық Янник Синнерді бес сеттің қорытындысы бойынша 3:2 (4:6, 6:7, 6:4, 7:6, 7:6) есебімен жеңді.
Турнирдің ақтық ойыны 5 сағат 29 минутқа жалғасты. Бұл – «Ролан Гаррос» тарихындағы ең ұзаққа созылған финал ретінде тарихта қалды. Осыған дейінгі рекорд 1982 жылы 4 сағат 42 минутты құраған Матс Виландер мен Гильермо Виластың матчына тиесілі еді.
Ал жалпы «Үлкен дулыға» турнирлерінде бұл финал аталған көрсеткіш бойынша екінші орынға жайғасты. Қазіргі рекорд 2012 жылы Аустралия ашық чемпионатында өткен Новак Джокович пен Рафаэль Надальдың чемпиондық матчында орнаған – 5 сағат 53 минут.
