28.10.2025
Азиалық Qazaq Kuresi Ассоциациясы құрылды
Фото: qazaqkuresi
Түркістан қаласында Qazaq Kuresi Ассоциациясы Атқарушы комитетінің отырысы өтті, деп хабарлайды Sport12.kz.
Азия чемпионаты аясында ұйымдастырылған бұл басқосу ұлттық спорттың стратегиялық бағытын айқындап, халықаралық деңгейдегі жаңа бастамалардың негізін қалаған тарихи шара болды.
Шара барысында қазақ күресін Азия ойындарының бағдарламасына енгізу мәселесі де талқыланды. Олимпиадалық Кеңестің (OCA) талабына сай қазақ күресі Азияның кемінде 25 елінде дамып, 12 мемлекет қазақ күресінің чемпионаттарына тұрақты қатысулары қажет. Сондай-ақ, допингке қарсы саясат, гендерлік теңдік және бірыңғай төрелік жүйе болуы міндет.
Дамир Бекбосыновтың айтуынша, бүгінгі таңда қазақ күресі бұл талаптардың басым бөлігін орындап отыр. Яғни, қазақ күресі Азияның 15-тен астам елінде тұрақты дамуда, төрешілер UWW жүйесімен лицензиялануда, ал қазақ күресінің жаңартылған Ережесі халықаралық стандарттарға сай.
Жиынның басты жаңалығы – Азиалық Qazaq Kuresi Ассоциациясының құрылуы болды. Жаңа құрылымның басты мақсаты – Азия құрлығындағы барлық ұлттық федерациялардың жұмысын үйлестіру, бірыңғай жарыс күнтізбесін бекіту және спортшылардың халықаралық деңгейде аттестациядан өтуін қамтамасыз ету.
Жаңадан құрылған Азиалық Qazaq Kuresi Ассоциациясының президенті болып Хариш Тияги (Үндістан), ал бас хатшысы Парвин Тияги (Үндістан) сайланды.
Жиын соңында Qazaq Kuresi Ассоциациясының басшысы Дамир Бекбосынов қазақстандық және шетелдік федерацияларға нақты тапсырмалар жүктеді.
Біздің серіктес: 200 000 фрибетті ұтысқа саламыз – арнаға жазыл және батырманы бас