7 сағат бұрын
Жеңіл атлетикадан ел чемпионатының шешуші күнінде кімдер топ жарды?
Астанада жеңіл атлетикадан Қазақстан Республикасының XXXV чемпионаты өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Sport12.kz
Үш күнге созылған біріншілікке 17 өңірден келген 265-тен астам спортшы қатысып, 48 жеке сайыс түрі мен эстафеталар бойынша ел чемпиондары анықталды. Чемпионат қорытындысы бойынша 2026 жылғы Азия ойындарына қатысатын Қазақстан құрамасының құрамы жасақталады.
Назарларыңызға, чемпионаттың соңғы жарыс күніндегі 800 және 5000 метрге жүгіру, балға лақтыру және 4×400 метрлік эстафетадан жеңімпаздар мен жүлдегерлер тізімін ұсынамыз.
Әйелдер арасындағы 5000 метрлік сында Шығыс Қазақстан облысының өкілі Дейзи Джепкемей 16:50.88 нәтижесімен жеңіске жетті. Шымкент қаласының спортшысы Ақбілек Құралбай күміс жүлдеге ие болса, Шығыс Қазақстан облысының өкілі Арина Гладышева үшінші орын алды.
Ерлер арасында осы қашықтықта Максим Фроловский топ жарды. Алматы қаласының өкілі мәреге 14:40.97 нәтижемен жетті. Шадрак Кимутай Коеч күміс, Ринат Кулыгин қола жүлдеге ие болды.
800 метрге жүгіруде әйелдер арасында Аяна Болатбекқызы 2:09.16 нәтижемен Қазақстан чемпионы атанды. Екатерина Колода екінші, Виктория Сукачёва үшінші орынға тұрақтады. Ерлер арасында Рамазан Шаиев жеңіске жетсе, Никита Изотов күміс, Александр Жигарь қола жүлдеге ие болды.
Балға лақтырудан әйелдер арасында Анастасия Калошина 55,84 метр нәтижемен жеңіске жетті. Томирис Ерматова екінші, Сабина Потапова үшінші орын алды. Ерлер арасында Азизхан Арифханов 48,40 метр нәтижемен чемпион атанды. Алдияр Қайроллаев күміс, Бағдаулет Баймұрат қола жүлдеге ие болды.
Әйелдер арасындағы 4×400 метрлік эстафетада Павлодар облысының құрамасы 3:58.31 нәтижемен чемпион атанды. Алматы қаласының командасы екінші, Ақмола облысының спортшылары үшінші орын алды.
Ерлер арасындағы 4×400 метрлік эстафетада Шығыс Қазақстан облысының құрамасы 3:16.75 нәтижемен жеңіске жетті. Ақмола облысы күміс жүлдеге ие болса, Астана қаласының командасы қола жүлдені жеңіп алды.
Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан
Қанат Байұзақов