4 сағат бұрын
Мұхтархан Ділдәбеков: аса ауыр салмақта бәсекелестік артып келе жатыр
Бокстан Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері Мұхтархан Ділдәбеков аса ауыр салмаққа өз бағасын берді, деп хабарлайды Sport12.kz
Моңғолиядағы Азия чемпионатында аса ауыр салмақтағы бәсекелестікті қалай бағалайсыз?
- Өздеріңіз куә болғандай, Моңғолияда 4 бірдей қазақ боксшысы аса ауыр салмақта жұдырықтасты. Финалда Айбек Оралбай мен Данабек Байкенже (Қытай) өзара чемпиондыққа таласты. Өкінішке қарай, Айбек Оралбай, Арман Маханов (Өзбекстан), Бекнұр Қали (Моңғолия) жеребенің бір бөлігінде болып, тек Айбек Оралбай ғана жартылай финалға өтті. Енді алдағы уақытта қандастарымызды жазғы Азия ойындарында көреміз деген сенімдемін.
Азия құрлығындағы өзге елдерде қазақ боксшыларының суырылып шығуына қалай қарайсыз?
- Әрине қуаныштымын. Бірақ бұл бүгін ғана қалыптасқан жайт емес. Қытай атынан шығатын Данабек Байкенже 2-3 Олимпиада циклінен бері бірінші нөмірді ешкімге бермей келе жатыр. Өзбекстан намысын қорғайтын Арман Маханов әлем чемпионатының күміс жүлдегері саналады. Бекнұр Қали (Моңғолия) да біраздан бері Моңғолияның көшбасшысы болып келе жатыр.
Айбек Оралбайдың боксына қандай бересіз?
- Айбек бұған дейін 92 келіде жұдырықтасып жүрді ғой. Тек Париж Олимпиадасынан кейін түпкілікті аса ауыр салмаққа ден қойды. Әлі де тәжірибе жинау керек деп ойлаймын. Азия чемпионы атанғаны жақсы. Бірақ нағыз сынақ әлем чемпионаты мен Олимпиадада болады.
Аса ауыр салмақта ел ішіндегі жағдайымыз қалай?
- 2025 жылы Семейде өткен Қазақстан чемпионаты мен оқу-жаттығу жиындарына барып, аса ауыр салмақтың жағдайын көрдім. 6-7 жақсы жігіттеріміз бар. Болашағымызға қатты алаңдамаймын. Жұмыс істеліп жатыр.
Әлемдегі бәсекелестікке қаншалықты назар аударып жүрсіз?
- Париж Олимпиадасына дейін Өзбекстан боксшысы Баходир Жалоловтың жұлдызды кезеңі болды. Әлем чемпионы, Олимпиада чемпионы атанды. Ол ресми түрде әуесқой бокспен қоштасқан соң, аса ауыр салмақта бәсекелестік артып келе жатыр. Азия чемпионатының өзінде 9 боксшы тіркелді. Жақсы көрсеткіш. Әлем чемпионаты, әлем кубоктарында да 30-дай боксшы бас жүлдеге таласты. Енді бірінші нөмір болуға барлығы таласатыны сөзсіз.
Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан
Қанат Байұзақов